жексенбі, 29 қыркүйек, 2024 14:35

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Сегіз елмен серіктес

Сегіз елмен серіктес
ашық дереккөзі
Сегіз елмен серіктес
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөз бар қазақта. Бүгінде істің қиюын келтіріп, нәпақасын кәсіптен тауып жүрген жандарды көргенде іштей қуанасың. Ауыз толтырып айтуға оңай болғанымен кәсіп ашып, оны одан әрі дөңгелетіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені қандай да бір істі бастағанда кедергілер мен қиындықтарға тап болатының рас. Сондықтан оған да үлкен еңбек, сабырлылық пен ептілік және терең ізденіс қажет. Сонда ғана ойлаған биікке көтеріліп, арман-мақсаттарға жетуге мол мүмкіндік туады. Қазір көптеген кәсіпкер мемлекет қолдауының арқасында ісін бастап, кәсіп аясын кеңейтуде. Мұндай іскерлерді аймағымыздың кез келген түкпірінен кездестіруге болады. Солардың бірі – Жансая Ерсейітова. Кәсіпкер келіншекпен әңгімелесіп, сұлулық әлеміндегі брендке айналған «Jansaya Aganas» жеке кәсіпкерлігінің жұмысын көру үшін арнайы іздеп бардық. Кең сауда үйін, «Mart» сауда орталығынан жеке дүкенін ашып, өз ісін жандандырған ол нәзікжандыларға ауадай қажет косметика тауарларын сатумен айналысады. Мемлекеттің қолдауынсыз-ақ айтарлықтай жетістікке жетіп, өзін-өзі ғана емес, қарамағындағы он адамды жұмыспен қамтып отырған Жансая Аганасқызы кәсібі жайында әңгімелеп, атқаратын қызметімен таныстырды. Айтуынша, мамандығы – физика және математика пәнінің мұғалімі. Үш жылдай ұстаздық еткен ол берекені сауда саласынан іздеуді жөн санапты. – Әлі есімде, Кеңес үкімет тарап, ел азаттығын жаңа алған елең-алаң шақ. Мен ол кезде небәрі 3 жастамын. Өзім Қызылорда облысының Арал ауданындағы Сексеуіл ауылының қызымын. Ауданымыздың экологиялық ахуалы бәріне белгілі. Әкемнің д ен саул ығына байл анысты экол огиясы қолайлы өңірге көшуімізге тура келді. Сонымен, еш танысымыз жоқтығына қарамастан тәуекелге бел буып, 1991 жылы осында көшіп келдік. Шүкір дейміз, Жамбыл жұртшылығы бізді жылы қарсы алды. Осында тамыр жайдық деп айтсам да болады. Ю.Гагарин атындағы №29 мектепте 11 жыл білім алдым. Мектепті үздіктердің қатарында тәмамдадым. Әрі алдында пән олимпиадаларының жеңімпазы болғаным бар, оқу бітірмей жатып-ақ ТарМУ-дың грантын ұтып алдым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш болды. Себебі алдымда екі жол ғана тұрды: өз күшіммен грантта оқимын немесе оқуға түспей қаламын. Жақсы дайындықтың арқасында емтиханнан сүрінбей өтіп, педагогикалық институтқа түстім. Бұл іргелі оқу орнын да қызыл дипломмен бітірдім,-деп өткен шағын еске алды кейіпкеріміз. Жансая Аганасқызы жоғары оқу орнын аяқтаған соң Тараздағы Д.Карбышев атындағы №16 мектепке физика және математика пәнінің мұғалімі болып орналасады. Жас маман болған соң көп жауапкершілік жүк теледі. Әрі бірден 11-сыныпқа жетекшілік ету тапсырылады. Осылайша қарбалас күндер басталады. Мектептегі күйбең тірліктерден бос уақыты артылмай да қалады. Жас арудың өмірдегі мақсаты бұл емес еді. Дау жоқ, ұстаздық –  қастерлі мамандық. Десе де арманы асқақ жан үшін өмірі босқа өтіп бара жатқандай сезілді. Осылайша үш жыл да өте шығады. Үш жылда үш бітіруші сыныппен қоштасып үлгерді. Шыны керек, ол кезде мұғалімдер қағазбастылықтан көз аша алмай, мардымсыз айлықпен күн көріп жүрген. Осылай қарбалас күндерді өткеріп жүргенде «Қосымша қандай жұмыс бастасам болады? Бұлай жүре бергенім жарамас. Бұл қысымнан шығуым керек» деген ойға қалады. Ой таразысына тізбектей келе, кірпік өсіретін «Карипрост» деген май сатуға бел буады. Алдында Алматыдан өз кірпігін ұзарту үшін тапсырыспен алдырған май расымен де көмектескен. Қайырылған кірпігін көрген әріптес қыздар қалай ұзартқанының сырын сұрап жүрген. Сол кезде санасына «Ол тауарды қайдан алдыртқанымды айтқанша, неге өзгелерге саудаламасқа» деген ой келген -ді . Еңбек демалысындағы бар қаражатына аталған кірпік өсіретін майды сатып алады. Алайда барлығы бірден өзі ойлағандай бола қалмайды. Тауары біраз уақыт өтпей тұрып қалады. Үйдегі ата-анасы мен бауырлары «Саудаң осылай болды ма, бизнес-леди?», деп қалжыңдайды. Ол кезде «Instagram» қазіргідей аса танымал емес. Интернет, смартфон да дамымаған. Компьютер клубына барып «Вконтакте» желісінен парақша ашып, тауарын, өзіне қалай әсер еткендігін, кірпігінің май жаққанға дейінгі, жаққаннан кейінгі суретін салады. Сәті түсіп, сатып алушылардың қатары көбейеді. Қанша уақыт өтпей, тұрып қалған тауары бір демде сатылып кетеді. Келесіде «Карипростың» жиырма емес, қырық данасына тапсырыс береді. Қосымша саудасы кәдімгідей табыс әкеледі. Жұмыстан тыс уақытта тауарды жаяу тасымалдап жүріп, тапқан қаражатын долларға айналдырып жинай береді. Сондағы мақсаты – әке-шешесі тұратын ескі үйді жөндеп беру. – Мектептегі сабағым мен қосымша жұмысымды алып жүру қиын болды. Қатты қажеттілік болмаса ақшамды оңды-соңды құрта бермеймін. Автобус тоқтап қалса, үйіме жаяу қайтатын адаммын. Саудадан күнделікті түсетін табысым 25-30 мың теңгенің шамасында. Сол ақшаларымды бір тиынын құртпай жинаймын. Менің бизнестегі негізгі ұстанымым – ақшаны орынсыз шашуға жол бермеу. Тапсырыс берген клиенттеріме тауарды өзім жеткізіп беремін. Қаншама клиенттерім болды. Бірақ есімнен кетпейтіні – тек облысымызға ғана емес, әлемге әйгілі спортшы қыз Фируза Шарипованың өзі менен кірпік өсіретін май алған. Ол кезде енді ғана республикалық жарыстарға қатысып жүрген кезі. Былайша айтқанда, екеуміздің карьерамыз бірге басталды деуге болады. Тағы бір естен кетпейтін оқиғаммен бөлісейін. Сабақтан кешке шығамын. Үш бірдей тапсырысым бар. Үшеуінің орналасқан жері әртүрлі. Қырсыққанда ешқайсысына да мен жақтан қоғамдық көлік жүрмейді. Бәріне жаяу таратып шықтым. Тауарымды түгел сатып болған соң сол жерден автобусқа отырып, үйге қайттым. Шынымды айтайын, мені автобус жүргізушілерінің өзі танып алған. Автобуста отырып ұйықтай беремін, аялдамама жеткенде келдік деп оятады. «Тиын теңгеден құралады» деген рас. Осылай үнемдеудің, ерінбей еңбек етудің жемісін бүгінде көріп отырмын. Солай жан аямас еңбектен басталған шағын ғана бизнесімді Қазақстанға танымал «Jansaya Aganas» брендіне айналдырдым, – дейді кәсіпкер. Бір тиынын құртпай, бірден долларға айналдырып жинаған ақшасы да нәсіпті болады. Таныс әпкесінің ақылымен Үндістанға баруды ұйғарады. Жұмыстан жарты жылға ақысыз демалысқа өтініш жазады. Өкінішке қарай, кенже қызын әкесі бөтен елге жіберуге үзілді-кесілді қарсылық танытады. Қызының тәуір мұғалімдік қызметін тастап, болашағы бұлыңғыр іспен айналысуына рұқсат бермейтінін ашық айтады. Ал Жансая әкесінің келісімхатынсыз шетелге ұша алмайды. Анасына өтініп, бауырларына айтып жүріп, ақыр аяғында әкесінің разылығын алады. Екі апта Үндістанда болып, шаш пен тері күтіміне арналған косметикалық тауарлар сатып алады. Елге қайтқан соң қаладағы орталық әмбебап дүкеннен шағын орын алып, саудасын бастайды. Жамбыл тұрмақ, Қазақстанға әлі келе қоймаған «Trichup», «Vatica» сусабындары лезде өтіп кетеді. Осылай тауарының үстіне тауар қосып, кәсібі күн өткен сайын ұлғая береді. Адам көп шоғырланған «Айырылмас» сауда орнына ауысып келеді. Бұл жерде де жұмысы жақсы жүреді. Одан кейін «Имити» сауда үйінен бір бөлме жалға алып, үнді тауарларымен қатар, корей косметикаларын да сатылымға шығарады. Түскен ақшаны үнемдеп, тиянақтылықпен керекті іске жұмсайды. Өзі қалағандай ата-анасы тұрған ескі үйді бұзып, сарайымен бірге жаңа үй салып береді. Қазір ол Қазақстан ғана емес, әлемге танымал бренд иесі. «Jansaya Aganas» сауда үйі, «Mart» сауда үйінде осы атаумен ашылған дүкендер желісі бар. Алғашында кірпік өсіретін майын сатып жүргенде аса сенім білдіре қоймаған әкесі қазір «Менің мақтанышым!» деп еркелетіп отырады. Әкенің ойы қызының жолын бөгеу емес, мұғалімдіктен шеттеп қалмаса деген уайым. – Өзімнің кім екенімді таныған, өмірден өз орнымды тапқан бақытты жанмын. Қиналған, шаршаған, жылаған кездерден өттім. Қазір Құдайға шүкіршілік айтамын, қай шешіміме де қолдау білдіретін жұбайым, мені қызындай сыйлап отырған ата-енем, періштедей егіз қызым бар. Күйеуім Т.Рысқұлов ауданының тумасы. Атам екеуі аудандағы «Мирас» шаруа қожалығын басқарады. Енем қанша жылдық еңбек өтілі бар педагог. Жұбайыммен бұрыннан таныспыз. Алғаш кездескеннен-ақ әңгімеміз жарасты. Бірақ ол кезде әлі тұрмысқа шығу жайлы ойламайтынмын. Жұбайымның маған деген сезімінің тереңдігі, әлде Алланың бұйрығы солай болып тұр ма, түптеп келгенде Мирастың некелі жары атандым. Қазір тәп-тәтті егізіміз бар. Алланың қалауымен Мекке қаласына қажылыққа барып келдік. Кәсібім дамып келеді. Корея, Үндістан, Белоруссия, Италия, Ресей секілді сегіз елмен іскерлік қарым-қатынас орнатқанбыз. Жақында ғана Италияда болып келдім. Серіктес елдердің делегаттары келген. Барлығы екі миллионның сөмкесін асынған. Мен ғана қарапайып киінгем. Сәндік заттар мен үшін мақтаныш емес екенін ол адамдардың өзіне де айттым, ішімдегіні жасырмай тағы да айтамын. Екі миллионға бір сөмке алғанша қыздарымды қуантқаным, дүкенге керекті бір зат алғаным дұрыс емес пе? Мүмкіндігінше бос уақытымды отбасыма арнаймын. Қыздарыма дәмді тағам пісіріп, олармен сөйлесіп, күндері қалай өткенін сұраймын. Егіздер негізі атасы мен апасының қызы. Сенбі, жексенбі күндері Т.Рысқұловқа барып келеді. Егер біз апара алмай қалсақ, атасы өзі келіп алып кетеді. Немерелеріне де ықыласы бөлек. Келінім деп мені қатты еркелетеді, сыйлайды. Мен де сол үдеден шығуға тырысамын, – дейді ол отбасы жайлы тебірене баяндап. Қазіргі уақытта Жансая екі дүкенін қоса алғанда оннан аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Тұтынушыларына дұрыс кеңес көрсете алуы үшін қаражатын аямай, сатушыларын үлкен қалалардағы білікті косметологтардан дәріс алуға оқуға жіберіп тұрады. Заманауи сұранысқа сай жеке парақшасын жүргізіп отыратын мобилограф алу да ойында бар. Кейіпкеріміз сөз соңында кейбір елдердің табысты кәсіп иелеріне қатысты айтатын орынсыз сыни пікірлері қынжылтатынын жеткізді. Өзі жұмыс істемей, бірақ елдің еңбегіне сөгіс айтатын адамдар сол табыстың, жетістіктің артында қаншама тер жатқанын көргілері келмейді де. Кәсіпкер еңбек етемін деген адамға қолдау көрсетуге қашанда дайын. Бірде Жансаяның жұмысына тұрмыстық өмірден қажыған бір әйел келеді. Асыраушысынан айрылған, балалары өрімдей. «Сізге менен қандай көмек керек, ақаша берейін бе?» деп сұрайды. Әлгі келіншек сонда «Маған ақша емес, жұмыс керек. Балаларымды асырау үшін жұмыс істегім» келеді дейді. Шарасыз әйелдің мына сөзіне Жансаяның іші жылып қалады. Жұмыс ітсеймін деген ұмтылысы оны қуантады. Дүкеніндегі қызметкерлер саны толық болғандықтан, аптасына бір рет үйін тазалап беруге ұсыныс жасайды. Мүмкіндік болып жатса басқа жұмысқа орналастырып береді. «Кәсібің – нәсібің» дегендей, қол қусырып қарап отыруды білмейтін, жұбайының көңілін тауып, қыздарына уақыт бөліп, қызметіне де үлгеріп жүрген Жансая өзін әрдайым еңбекте бақытты сезінеді. Өйткені еңбекпен тапқан нан тәтті. Бір қуантарлығы отағасы Жансаяның бұл кәсібіне араласпайды. Әркім өз шаруасымен айналысады. Күйеуі келіншегінің жұмысына түсіністікпен, құрметпен қарайды екен. Мұнан бөлек отбасылық «Прайм» көлік жуу орталы мен бургер сататын дүңгіршектері де бар. Үлгілі еңбегімен талай қыз-келіншектерге өнеге болып жүрген Жансаяның жұмысына сәттілік, зор табыс тілейміз.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар