Сенат Төрағасы Иран Елшілігінде көңіл айту кітабына жазба қалдырды
Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі мәлімдеді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Иранның Қазақстандағы елшілігіне барып, қайғылы оқиғалар салдарынан аталған елдің рухани көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеидің, мемлекет басшылығы өкілдерінің және бейбіт тұрғындардың қайтыс болуына байланысты Иран халқына көңіл айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мәулен Әшімбаев Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесіп, көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
Әли Акбар Джокармен әңгімелесу барысында Иран Қазақстанның жақын көршісі және серіктесі екені атап өтілді. Сондай-ақ Сенат Төрағасы еліміздің қақтығысты бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесуге дайын екеніне тағы бір назар аударды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін бірқатар араб мемлекеттерінің басшыларына қалыптасқан қиын ахуалға байланысты қолдау білдіріп, көңіл айтты. Соның аясында Қазақстан бауырлас араб елдеріне кез-келген көмек көрсетуге дайын және олардың жоғары басшыларымен тұрақты жұмыс байланыстарын жалғастыруға үмітті екеніне де мән берілді.