«Senim» кәсіподағына деген сенім жоғары»
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен жұмысшылары, қозғалыс белсенділері өздерінің уақыттары мен күш-жігерін еңбек адамының құқығының сақталуына жұмсап жүрген қайраткерлер» дегені бар. Осындай ортақ мүддеге сай бірлесе білген ұйымды «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облысымыздағы филиалының жұмысынан байқадық. Сөзіміздің дәлелі ретінде филиал төрайымы Гүлмайра Момбекованың ұйымның атқарып жатқан жұмыстары жөнінде Жамбылинфо ақпараттық сайтының тілшісіне сұхбат берді.
– Гүлмайра Асанқызы, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы, атауында айтылып тұрғандай, кәсіподақ мүшелерінің сенімінен қаншалықты шығып келеді?
– Бүгінгі күнде «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы құрамында 21 мыңнан астам мүшесі бар 37 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіріп отыр. Осы жерде биылғы жылдың өзінде 2 медициналық ұйымның облыстық филиал құрамына енгенін айта кеткеніміз жөн сияқты. 2022 жылдың 10 наурызында облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы мен «Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігінің облыстық филиалы арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған облыстық келісімге қол қойылды. Осылайша бұрын берілген біліктілік санаттарын (жоғары, бірінші, екінші) ескере отырып, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсанға дейін медицина қызметкерлерінің лауазымдық айлық ақыларының есептелуі уақытша қамтамасыз етілді. Әрине, бірлестік өз мүшелерінің сенімін ақтау үшін барынша жұмыс істеуге күш салып келеді. Мәселен, кәсіподақ мүшелерін және олардың балаларын жазғы кезеңде сауықтыру мәселесі тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Айталық, биылғы 11 айда кәсіподақ мүшелерін санаторлық- курорттық емдеуге жалпы сомасы 18639250 теңгеге 285 жолдама берілді. Сондай-ақ жазғы сауықтыру лагерьлеріне жалпы сомасы 9424000 теңге, оның ішінде филиал арқылы төленген 6596800 теңгеге кәсіподақ мүшелерінің 14 жасқа дейінгі 152 баласының сауықтырылуы қамтамасыз етілді.
– Өзіңіз басқарып отырған ұйым қайырымдылық шараларымен де айналысатынын естідік?
– Әрине, қайырымдылық – кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қолдау «Senim» кәсіподағының облыстық филиалы қызметінің басым бағыттарының бірі. 2022 жылдың 11 айында филиал 11092200 теңгеге демеушілік, 3050000 теңге көлемінде қайырымдылық көмектер көрсетті.
Білесіздер, 2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы комитетінің шешімі бойынша, мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім қабылданды.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Senim» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дүйсеновтің атынан 25 бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесіне республикалық бірлестік пен облыстық филиалдың қаражатынан 100 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қаражатынан мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған кәсіподақтың 10 мүшесіне 100 мың теңгеден сертификаттар табысталды. Барлығы 3 миллион 500 мың теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді.
Медицина қызметкері күніне орай өткен жылы облыстық филиал атынан Қаратау және Жаңатас қалаларында жұмыс істейтін 11 жас маманның әрқайсысына 500 мың теңгенің (жалпы сомасы 5 миллион 500 мың теңге) сертификаты табыс етілді.
– Кәсіподақ мүшелерінің игілігіне арналған тағы қандай іс-шараларға ұйытқы болып отырсыздар?
– Кәсіподақ мүшелерінің көңіл- күйін көтеріп, салауатты өмір салтын сақтауларына ықпал ететін мәдени- көпшілік және спорттық сауықтыру іс-шараларын ұйымдастырып тұрамыз. Атап айтсақ, биыл мамыр айында Жамбыл жоғары медициналық колледжінің мәжіліс залында Халықаралық медбике күніне арналған «Стационарлық қызметтің үздік мейіргері – 2022» атты орта медициналық білімі бар мамандар арасында облыстық кәсіби байқау өткізілді. Конкурсқа Тараз қаласы мен облыстың медициналық ұйымдарының мейіргер мамандары қатысты. Конкурсты облыстық мейіргер ісі мамандарының кәсіби бірлестігімен бірге ұйымдастырдық. Байқаудың барлық қатысушыларына бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Сонымен қатар кәсіби мереке құрметіне еңбектерімен еленген кәсіподақ мүшелері «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің және оның облыстық филиалы атынан Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. Ұзақ жыл осы салада адал еңбек етіп, жұмыста табысты кәсібилігін танытқандарға «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төсбелгісін табыстадық.
Дүниежүзілік денсаулық күнін атап өтуге байланысты Шу аудандық орталық ауруханасының бастауыш кәсіподақ ұйымы облыстық филиалдың қаржылай қолдауымен, аурухананың бөлімше қызметкерлерінен құралған командалар арасында шағын футболдан турнир өткізді. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орын алған командаға 70 мың теңге, екінші орынға 50 мың, үшінші орынға 40 мың, төртінші орынға 30 мың теңге және 4 командаға 10 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары берілді. «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік қақпашы» номинациялары бойынша көзге түскен ойыншыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Сондай-ақ Жамбыл жоғары медициналық колледжінде «Медицина үздігі – 2022» атты медицина қызметкерлері күніне арналған облыстық кәсіби байқау өтті. Байқауға кемінде 10 жыл практикалық жұмыс өтілі бар, бірінші немесе жоғары біліктілік санаттағы дәрігерлер және әлеуметтік қызметкерлер, кемінде 5 жыл практикалық жұмыс өтілі бар менеджерлер мен провизорлар қатысты. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға «Технодом» АҚ-ның дипломдары мен ақшалай сертификаттары табыс етілді. Бұдан да басқа атаулы күндерде мәдени- көпшілік іс-шараларды өткізіп отырамыз.
Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен 2022 жыл «Әлеуметтік әріптестік» жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай, Алматы қаласында «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, денсаулық сақтау саласындағы кәсіподақ ұйымдарының республикалық конференциясы өтті. Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің осындай жиынын өткізу отандық денсаулық сақтаудың өзекті міндеттерін шешу, азаматтық қоғамның тұрақты дамуының кепілі ретінде кәсіподақтардың рөлін күшейту және медицинадағы парасаттылық қағидаттарын өзектендіру мақсатында медициналық қоғамдастықтың күш- жігерін шоғырландыруға бағытталды. Конференция жұмысында мамандық беделін көтеру және ел тұрғындары тарапынан медицина қызметкерлеріне деген сенім деңгейі, кәсіподақ қызметіндегі жастардың көшбасшылығы ерекше орын алды. Конференцияда республиканың кәсіподақ белсенділерінің кәсіподақ қозғалысын дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі жоғары бағаланып, олар медальдармен және төсбелгілермен марапатталды.
Сондай-ақ медицина саласындағы арнаулы мамандық иелерінің кәсіби мерекелері де назардан тыс қалған жоқ. Дүниежүзілік пульмонолог күніне орай кәсіподақ атынан қалалық көпбейінді ауруханаға барып, пульмонолог- дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтадық. Мереке құрметіне дәрігерлерге жұмыстағы табысты көрсеткіштері мен жоғары кәсібилігі үшін Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс еттік. Сол секілді Дүниежүзілік травматолог күніне орай облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматолог-дәрігерлеріне де осындай сый-құрмет көрсетілді.
Медицина қызметкерлері арасында республикалық спартакиада ұйымдастырдық. Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде төрт күнге созылған ақ халатты абзал жандар арасындағы спорттық дода тартысқа толы болды. Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте 118 ұпаймен Түркістан облысы жеңімпаз атанса, екінші орын жарыс қожайыны – облысымыздың командасына бұйырды. Ал үшінші орынды Шымкент қаласы олжалады. Облыстан жеңімпаз және жүлдегер атанғандарға «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының облыстық филиалы атынан сыйлықтар тарту етілді. Республика күні қарсаңында қалалық емханалар қызметкерлерінің арасында «Медицина мақсаты – дені сау ұлт» атты волейболдан турнир ұйымдастырдық. Мұнда да жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Кәсіподақ ұйымы қоғамдық маңызы бар іс-шаралардан да қалыс қалмайды. Мәселен, 1 наурызда Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күніне орай, Алғыс айту күні аталып өтілді. Мерекенің символдық мәні өзара көмек пен халқымыздың бірлігінің бейнесі болды десем, қателеспеймін. Алғыс айту күнінде филиалымыздың бастауыш кәсіподақ ұйымдары салтанатты іс-шаралар мен мерекелік концерттер өткізді. Кәсіподақ комитеттері денсаулық сақтау саласының ардагерлерін құттықтап, олардың адал еңбегі, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, өңірімізде медициналық сапалы қызметті дамытуға және кәсіподақ қозғалысын нығайтуға қосқан үлесі үшін зор алғыстарын білдірді. Денсаулық сақтау ардагерлеріне естелік сыйлықтар мен азық-түлік себеттері табыс етілді.
Алғыс айту күнінде Жамбыл ауданы орталық ауруханасының әкімшілігі бастауыш кәсіподақ ұйымымен бірлесіп «Денсаулық – зор байлық» атты ашық есік күнін өткізді. Медициналық мекемеге тіркелген халыққа, медициналық тексеруден өтуге және тиісті дәрігерлерден және арнаулы мамандардан кеңес алуға мүмкіндік берілді.
Көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурызда Халықаралық әйелдер күніне орай бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе отырып, кәсіподақ мүшелерін Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен және естелік сыйлықтармен марапаттадық. Сонымен қатар мерекелік концерттер мен ойын-сауық бағдарламалары және түрлі ойындар мен байқаулар ұйымдастырылып, «нәзік жандылар» қауымын құттықтадық. Денсаулық сақтау саласының ардагер әйелдеріне көшпелі құттықтаулар ұйымдастырылды.
Жыл басы – әз Наурызда ұлттық нақыштарымызды, тарихымызды танытарлықтай іс-шаралар ұйымдастырылды. Барлық бастауыш ұйымдарда ұлттық тағамдардан жасалған дәстүрлі дастарқандар жайылды. Театрландырылған көріністер ұйымдастырылып, ұлттық ойындар мен спорттық шаралар өткізілді. Ал 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай біздің филиал бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен бірлесіп, балалардың қатысуымен концерттер, ойын-сауық бағдарламалары, шынайы өлшемді қуыршақтардың қатысуымен түрлі түсті театрландырылған қойылымдар, спорттық жарыстар және балалар шығармашылығының конкурстарын өткізді.
– Жылжыған уақытпен бірге жаңару да қарқын алатыны белгілі. Сала мамандарының біліктілігін арттыратыны секілді, кәсіподақ қандай істерді жүзеге асырып отыр?
– Иә, кәсіподақ жетекшілері де оқыту семинарларына қатысып, еңбеккерлердің құқықтарын қорғау бойынша білімін жетілдіріп отырады. Мәселен, биылғы жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Zoom-платформасында Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының кәсіподақ активтерімен «Еңбек заңнамасы» тақырыбында онлайн семинар өтті. Федерация төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев модератор болған семинардан біз де көптеген мағлұмат алдық. Ал наурыз айында облыстық кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің, салалық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен облысымыздың кәсіподақ белсенділерінің қатысуымен zoom- конференция режимінде кеңейтілген жиналысқа қатыстық. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы еңбекшілердің мүдделерін қорғау бойынша бірқатар басым міндеттерді белгіледі. Атап айтсақ, еңбекті қорғау, еңбекақы төлеу, қызметкерлерді өндірісті басқаруға тарту және еңбек консультацияларын өткізу мәселелері.
Біздің филиал «Жамбыл облысы кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің қатысуымен Әлеуметтік серіктестік жылы мен Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған іс-шара аясында дөңгелек үстел өткізді. «Қауіпсіздік және еңбекті қорғау – бәрінен бұрын» тақырыбындағы жиынға «Жамбыл облысы кәсіподақ орталығы» төрағасының орынбасары Бақтияр Қарауылов, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Ибраимов, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау жөніндегі инженерлер, медициналық ұйымдардың еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлары қатысты. Аталған басқосуда барлық қатысушылар жұмыста қолдану үшін және кәсіби әрі қарай өсу үшін көптеген қажетті ақпараттар мен нақты мәселелер бойынша практикалық кеңестер алды.
Филиал қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Еңбек кодексі – жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері» және «Кәсіподақ көшбасшысының тиімді коммуникациясы мен имиджі» тақырыбында бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының қатысуымен «Меркі-радон» шипажайында семинар- тренинг өткізілгенін де айта кеткен жөн.
Семинарға облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Гүлжан Бакирбаева және «Ника» коммуникативтік даму орталығының басшысы, жетекші бизнес-тренер, коммуникация бойынша марафондардың авторы, 2016 жылғы шешендік чемпионаттың жеңімпазы, сондай- ақ Мәскеу риторика және шешендік өнер университетінің жаттықтырушы- лицензиаты Салтанат Қашағанова шақырылды. Мұнда кәсіподақ қызметкерінің имиджін және кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыру, құрылым ішінде коммуникация дағдыларын дамыту, өзін-өзі тұрақты оқыту тетігін енгізу мақсат етілді. Сондай-ақ көпшілік алдында сөз сөйлеу кезінде сенімділік пен жеңілдікке ие болуды қалыптастыру көзделді. Семинар қорытындысы бойынша барлық қатысушылар оқыту туралы атаулы сертификаттарға ие болып, одан әрі кәсіби өсу және жұмыста қолдану үшін нақты проблемалар бойынша көптеген қажетті ақпараттар мен практикалық кеңестер алды. Әрине, мұндай жұмыстар алда да жалғасын тауып, әріптестерімізбен бірге өзіміздің де білім кеңістігімізді кеңейтуде күш сала беретін боламыз. Сонымен қатар қызметкерлердің өз құқықтарын біліп жүруі үшін де оқыту семинарларының рөлі маңызды. Мұндай көпшіліктің пайдасына жарайтын ауқымды жұмыстарды алда да жүзеге асыру жоспарымызда бар.
Міне, өзінің сан алуан оқиғаларымен тарихта қалар 2022 жылды қорытындылап, келесі жылды қарсы алатын уақыт та жақындап келеді. Жаңа жыл мерекесінде дәстүрге сай кәсіподақ мүшелеріне арналған сый-құрметтеріміз баршылық. Бұл жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылатын түрлі іс- шаралар екені белгілі. Олай болса, келе жатқан жаңа жыл еліміз үшін берекелі, табысты болсын! Ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды істеріміз көп болуына тілектеспін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала