Жаңалықтар

«Шұғыл. Әр педагог білуі тиіс»: Оқу-ағарту министрлігі маңызды мәлімдеме жасады

Министрліктің ескертуі мектеп директорынан бастап, мұғалімдерге де қатысты

Қазақстанда білім беру ұйымдарының аумағында әртүрлі сылтаулармен ақша жинауға мұғалімдерді тарту заңсыз екені ескертілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтында жарияланды деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша белсенді жұмысты жалғастырып жатыр. 

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарының екі мыңнан астам басшыларының, аумақтық департаменттер өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, бақылау іс-шараларын ұйымдастыру, өзін-өзі бағалау бойынша жан-жақты түсініктемелер алды.

Білім беру ұйымдарының аумағында әртүрлі сылтаулармен заңсыз ақша жинаудың алдын алу мәселелеріне, сондай-ақ "Педагог мәртебесі туралы" Заңы шеңберінде педагогтердің кәсіби қызметіне байланысты бұзушылықтарға ерекше назар аударылды.

"Педагогтерді кәсіби қызметіне сәйкес келмейтін жұмыстарға тартуға, сондай-ақ оларға тауарлар мен қызметтерді сатып алу міндетін жүктеуге тыйым салынады. Осы нормаларды бұзу қолданыстағы заңнама шеңберінде жауаптылыққа алып келеді.

Ақша қаражатын заңсыз жинау фактілері немесе басқа да сыбайлас жемқорлық көріністері анықталған кезде аумақтық департаменттерге немесе Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне +7 (7172) 74-23-92 нөмірі бойынша дереу хабарлау ұсынылды.