дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 16:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Әшімбаев 20 жыл бойы қорлық көрген әйелді тиран күйеуімен қайта қоспақ болған ток-шоу туралы ойын айтты

Әшімбаев 20 жыл бойы қорлық көрген әйелді тиран күйеуімен қайта қоспақ болған ток-шоу туралы ойын айтты
Сурет ашық дереккөзден алынды
Сенат спикері «Хабар» арнасындағы бір бағдарламаға қарап барлық мемлекеттік телеарнаны айыптау дұрыс емес деп санайды

Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев «Хабар» арнасының «Бірақ» ток-шоуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


Әшімбаевтың айтуынша, кеше осы ток-шоуға байланысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз бағасын берді. Нәтижесінде бағдарлама жабылды. 


«Халықтың пікірі ескерілді деп айтсақ орынды болады. Ток-шоуды дұрыс ұйымдастыра алмаған телеарна қызметкерлердің жұмысына да баға берілді. Сондықтан бұл ток-шоу жабылды. Бұдан былай мемлекеттік арналарда мұндай олқылықтар болмайды деп сенеміз», деді Әшімбаев сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.   


Телеарна басшылығы жауапкершілікке тартылуы керек пе деген сұраққа спикер «агенттіктің басшылығы да, министрліктің басшылығы да осы мәселеге қатысты жауапкершілігін сезініп отыр, сондықтан агенттік басшылығы тарапынан тиісті шешімдер болады деп ойлаймын» деп жауап берді.   


Осы орайда БАҚ өкілдері Әшімбаевтан «салық төлеушілердің ақшасынан жұмыс істеп тұрған, бірақ халыққа ұсынар дүниесі сапасыз мемлекеттік телеарналар қаншалықты қажет» деп сұрады. 


«Ток-шоумен байланысты осы кейске қарап бірден барлық мемлекеттік арнаны айыптауға болмайды. Олар халыққа ақпарат жеткізу, елдегі оқиғалардан хабар тарату сияқты функцияларын орындап отыр. Кез келген мемлекетте де мемлекеттік БАҚ та, жекеменшік БАҚ та, блогерлер де, қызметін заңды түрде жүргізетін басқа да субъектілер болуы керек. Сондықтан телеарна басшылығы да, тиісті мемлекеттік органдар да кешегі оқиғадан бір қорытынды шығарды деп ойлаймын. Бұдан әрі мұндай проблема болмайды деп сенеміз», деді сенат төрағасы. 


Естеріңізге сала кетейік, «Хабар» телеарнасынан шыға бастаған «Бірақ» ток-шоуы зорлық-зомбылықты насихаттағаны үшін мәдениет министрінің шешімімен жабылатын болды. Бағдарлама ұжымы жиырма жыл бойы күйеуінен таяқ жеген әйелді жұбайымен татуластырмақ болған.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар