Шомылу маусымына дайындық күшейтілуде

Жаз мезгілінің шомылу маусымымен қатар келуі — демалушылар үшін көңілді сәттермен қатар, қауіпсіздікке де ерекше мән беруді талап етеді.
Осыған байланысты Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті шомылу кезеңіне дайындық жұмыстарын пысықтауда. Осы тақырып аясында Jambylinfo.kz тілшісі атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, департамент өкілдерімен сұхбаттасып қайтқан болатын.
Департамент өкілінің айтуынша, шомылу маусымының қауіпсіз өтуі үшін су айдындарында бірқатар маңызды шаралар қолға алынған. Ең алдымен, барлық жағажайларда арнайы белгіленген шомылу аймақтары мен қауіпсіздік шектеулері болуы тиіс. Бұл — су тереңдігі, ағыс жылдамдығы сияқты факторларға байланысты жүзеге асырылады.
Оның айтуынша, 14 сәуірде өткен Жамбыл облысының Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында шомылу маусымына дайындық мәселесі қаралып, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілген.
Құтқарушылардың кәсіби даярлығы мен тұрақты кезекшілігі де басты назарда. Олар шомылушыларды тек судан құтқарумен ғана емес, қауіпті жағдайдың алдын алумен, түсіндіру жұмыстарымен де айналысады. Сонымен қатар, су айдындарының санитарлық және экологиялық жағдайы да бақылауға алынған.
Халықты қауіпсіздікке үндеу мақсатында БАҚ пен әлеуметтік желілерде де белсенді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Жағажайлардың тазалығы мен судың сапасы да бақылауда. Бұл — тек жайлылық үшін емес, демалушылардың денсаулығы мен табиғи орта үшін маңызды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адам өлімінің алдын алу үшін «Мамыр қауіпі» акциясы бастау алған. Су айдындарында профилактикалық рейдтер мен патрульдеу жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде.
Шомылу маусымына дайындық — бұл тек тазалық пен қауіпсіздік шаралары ғана емес, экология мен адам өміріне деген жауапкершілік. Әр азамат қауіпсіздік ережелерін сақтап, қоршаған ортаға бейжай қарамаса, жазғы демалыс та сәтті өтеді.