Жаңалықтар

Шу ауданындағы радиация: мамандар не дейді?

Шу ауданындағы радиация: мамандар не дейді?

Жамбыл облысының Шу ауданында радиация бар немесе жоғын анықтау мақсатында мамандар аталған ауданда тексеріс жүргізіп, нәтижелерімен бөлісті, деп хабарлайды Жамбылинфо. Сарапшылар Жамбыл облысының Шу ауданындағы топырақ, су және ауадағы радиацияны тексерді. Арнайы өлшеу аппараттары  көрсеткендей, радиациялық фонның артуы жоқ, ал барлық көрсеткіштер норма шегінде немесе нормадан әлдеқайда төмен. Осылайша «Республикалық Радиологиялық Орталық» ЖШС мамандары «Қазақмыс» жергілікті тұрғындарға радиациялық зиян келтірмейді деген қорытынды жасады. Республикалық денсаулық сақтау және онкология, радиология институты мамандарының мәліметіне сәйкес, Жамбыл облысында жалпы онкологиялық аурулардың азаюы байқалады. Бұған 2015-2021 жылдар аралығындағы көрсеткіштер дәлел. Мәселен, 2015 жылы Жамбыл облысында 100 мың адамға шаққандағы қатерлі ісік ауруы 142,5 адамды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 122,7 адамды құрап отыр. Сонымен қатар, соңғы 6 жылда өлім-жітім көрсеткіші де төмендеген. Радиологиялық тексерудің жүргізілуіне «Қазақмыс» компаниясы бастамашы болды. Бұған дейін Шу ауданындағы мыс алпауытының кәсіпорындарында радиациялық фон шамадан асып кеткендігі және зиянды сәулелер жақын маңдағы елді мекендерге таралуы мүмкін екендігі туралы ақпарат тараған. Мұның қаншалықты шындыққа жанасатындығын  тәуелсіз сарапшылар анықтап көрді. Тексеру жұмыстарына  арнайы мамандардан бөлек  әкімдік, «Қазақмыс», қоғам өкілдері, аудан депутаттары мен ақсақалдар да қатысты. Айта кетейік, радиациялық фонды өлшеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.