Жаңалықтар

ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының келесі саммиті Астанада өтеді

ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының келесі саммиті Астанада өтеді

Шанхай ынтымақтастық ұйымы жанынан Тұрақты өкілдер кеңесін құру және оларға мемлекеттеріміздің мүддесін қорғау құзыретін беру маңызды деп санаймын. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ елдері Мемлекет басшыларының кеңесінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап. «Бүгінде ШЫҰ жаңару жолына батыл қадам басты. Бұл анағұрлым мол мүмкіндіктерге жол ашады. Дамудың жаңа кезеңінде біздің жұмысымыз бұдан былай ескірген тәсілдерге сүйене алмайды. ШЫҰ-ның әлеуетін арттыру жолындағы ортақ істе екіжақты сипаттағы проблемалардан өзімізді мейлінше аулақ ұстап, барлық күш-жігерімізді арадағы уағдаластықтарды жүзеге асыруға жұмылдырған жөн. Халықтарымыздың ұзақмерзімді мүддесі үшін ШЫҰ аясында әрдайым өзара түсіністік, ынтымақтастық ниеті басым тұруға тиіс. Шанхай ынтымақтастық ұйымының жаңа даму стратегиясын қабылдайтын уақыт келді деп ойлаймын. Қазақстан аталған құжаттың жобасын әзірледі және оны алдағы төрағалық ету кезінде таныстыруды жоспарлап отыр», - деді Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа стратегияда өзара ынтымақтастығымыздың анағұрлым перспективті бағыттары бойынша ШЫҰ-ның күн тәртібін кеңейту көзделген. «Ұйым қызметін одан әрі жетілдіру жаңа сын-қатерлерге тиімді төтеп беріп, ШЫҰ-ны заман талабына бейімдеу үшін маңызды қадам болмақ. Осы мақсатқа қол жеткізуге арналған Қазақстанның ұсыныстарын ескере отырып, Астанада өтетін келесі саммитке дейін ШЫҰ-ның әлеуетін күшейту тұжырымдамасын қабылдауды ұсынамын», - деді Президент. «Өзге халықаралық ұйымдардың тәжірибесіне сүйене отырып, ШЫҰ жанынан Тұрақты өкілдер кеңесін құру және оларға мемлекеттеріміздің мүддесін қорғау құзыретін беру маңызды деп санаймын. Әділ әрі үйлесімді келешек әлем туралы біздің өз көзқарасымыз болуға тиіс. Өзара жауапкершілік пен тілеулестік негізінде инклюзивті даму мен жасампаз прогресс жолында алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Төрағалық ету кезегін қабыл ала отырып, ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік, бейбітшілік және өркендеу ісін одан әрі нығайта түсу үшін ұйымдағы мәртебесіне қарамастан барлық елмен арадағы белсенді және табысты жұмысты жалғастырамыз. Осы орайда баршаңызды Шанхай ынтымақтастық ұйымының Қазақстан елордасы – Астанада өтетін келесі саммитіне қатысуға шақырамын», - деді Қ.Тоқаев.