дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 3:49

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Синтетикалық есірткінің таралу фактілері көбейген

Синтетикалық есірткінің таралу фактілері көбейген
Фото - ашық дереккөз
Бұл туралы Жамбыл облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы айтты

Аудан әкімдіктерімен және басқа да мүдделі қызметтермен бірлесіп, 1086 гектардан астам аумақтағы  814 тонна жабайы қарасора жойылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

 

Ағымдағы жылдың  8 айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен  367 есірткі қылмысы анықталды.

Заңсыз айналымнан 6 тоннадан астам түрлі есірткі заттары алынды.

Есірткі заттарын республиканың басқа аймақтарына әкететін 6 арнаның жолы кесіліп, 200 келіден астам қарасора есірткісі  тәркіленді.

Құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған 2 фитозертхана анықталды.

Бір алаңдатарлық жағдай – синтетикалық есірткінің таралу дерегінің көбею жағдайы.

Синтетикалық препараттар - бұл басқа күшті дәрілерге қарағанда әлдеқайда үлкен қауіп төндіретін осы ғасырдың жаңалығы.  Бұл өсімдік тектес дәрілерді ығыстырып, есірткі нарығының жұмысын  қарқындатты.

Қарастырылып отырған кезеңде синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қатысты 18 қылмыс дерегі анықталып, заңсыз айналымнан 3 келіден  астам синтетика тәркіленді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде Алматы қаласынан біздің облысқа синтетикалық өнімдерді   жеткізетін 5 ірі арнаның жолы  жабылып, 1 келіден астам синтетика өнімі  тәркіленді.

Мәселен, ағымдағы жылғы  қыркүйекте "Қарасора-2024" ЖПІШ  аясында ЕҚҚІБ қызметкерлері Алматы қаласында синтетикалық есірткі өндіру бойынша есірткі зертханасын жойып,  «Телеграмм» мессенджері арқылы Алматы қаласында синтетикалық есірткілерді өткізуді және оларды Астанаға, Жамбыл және Қостанай облыстарына тасымалдауды жүзеге асыратын қылмыстық топты әшкереледі.

Ағымдағы жылдың 8-айы және  қыркүйек айының 27 күнінде  профилактикалық топтың қызметкерлерімен орта білім беру мекемелері, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында 768 профилактикалық іс-шара(241 дәріс, 87 кездесу, 50 семинар, 63 дөңгелек үстел, 52  байқау, 68 спорттық іс-шара , 75 акция және 132 басқа  да іс-шара) өткізіліп, онда есірткіге қарсы бейнероликтер мен слайдтар көрсетілді.

Нашақорлық – қылмыс пен қатыгездіктің, мейірімсіздік пен дінсіздіктің негізі. Еліміздің экономикасы артқан сайын есірткімен күрес те қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл дертке шалдыққандардың басым көпшілігі – жастар. Яғни нашақорлардың 60 пайызын жастар құрайды. Ал жасырын түрде есірткі қолданып жүрген жастар қаншама.

Осы қасіреттен талай жастар жас ғұмырын азаппен өткізіп қана қоймай, көктей солып, жарқын өмірімен мезгілсіз қоштасуда. Қазіргі таңда нашақорлар тек ата-аналары мен туысқандарының ғана емес, бүкіл қоғамымыздың қаупі мен қасіреті болып барады. Сондықтан болса керек, кесір кеселге үйір болуды ермекке айналдырған осындай топтармен күресудің жолдары да біршама күрделене түскен. Осыған орай облыстағы адам саны көп шоғырланған Таразда қалалық полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп келеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Бүгінде әлемде шамамен 275 миллион нашақор адам бар. Ал есірткіден жыл сайын 500 мыңнан астам адам қайтыс болады екен. Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. Сондықтан есірткімен күреске елімізде ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың жағдайына қауіп төндіретінін атап өткен болатын.
«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні тіпті үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс», – деген Президент нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет екенін айтқан еді.
Осыған орай, Қазақстан Үкіметі 2023-2025 жылдарға арналған Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Кешенді жоспар нашақорлықпен және есірткі бизнесімен тиімді күресу үшін қажетті бірінші кезектегі шараларды ескере отырып, қазіргі нашақорлыққа қатысты ахуалды талдау негізінде әзірленген. Оны дайындау барысында психоактивті заттардың жаңа түрлерінің үлесі артуы, есірткіні өндіру, тасымалдау және тарату әдістерінің өзгеруі, белсенді түрде енгізіліп жатқан қазіргі әлемдік есірткі саясатының ерекшеліктері ескерілген.
Құжат сарапшылар ортасында және түрлі пікірталас алаңдарында кеңінен талқыланған. Оның негізгі мақсаттарының бірі – қоғамның, азаматтық институттардың және барлық мемлекеттік органдардың нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізілетін жұмыстарының сапасын арттыру және жалпы нашақорлар санын азайту бойынша күш-жігерлерін біріктіру.
Қабылданған жоспар осы бағыттар бойынша шаралар кешенін іске асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15 пайыздан 20 пайызға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26 пайыздан 30 пайызға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған. Құжат заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді, заманауи есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімділігін арттыруды, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтуді, қазақстандық қоғамда нашақорлық деңгейін төмендетуді көздейді.
Осыған орай, нашақорлықтың алдын алу, емдеу, нашақорларды оңалту жүйелерін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға баса назар бөлінбек. Есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту бойынша шаралар кешені қарастырылған. Бұл жаңа сын-қатерлер мен қауіптердің дереу алдын алуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар емдеу-сауықтыру орталықтарын жаңғырту және жаңаларын ашу жұмыстары жүргізіледі. Кешенді жоспарда аталған шараларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен 53,1 миллиард теңге бөлу қарастырылған.
Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы мен одан туындаған кешенді жоспар аясындағы жұмыстар Тараз қаласында да қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде, шаһар аумағында уытты заттарды тұтыну және таратумен айналысатын тұлғаларға қарсы күрес күшейген. Мәселен, үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында облыс көлемінде есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл желісі бойынша барлығы 286 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 114 дерегі есірткі қылмысы және 172 дерегі ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 1, 2, 3-бөлігі бойынша қылмыстық теріс қылық деп танылған. Есірткі қылмысы қатарынан, есірткі затын аса ірі мөлшерде сақтау бойынша қылмыстардың – 37, есірткі құралдарын өткізудің – 53, есірткі құралдары контрабандасының – 8, құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп, өсірудің 8 дерегі және есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалаудың 3 дерегі тіркелген.
Тәртіп сақшыларының тыңғылықты жұмысының нәтижесінде заңсыз айналымнан 2 тонна 504 келіден астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленген. Оның ішінде 545 келіден астам «марихуана», 45 келіден астам «гашиш», 1 тонна 913 келіден астам «қарасора», 743 грамнан астам «героин» және 213 грамнан астам синтетикалық есірткі заттары бар.
Осындай заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Қарасора-2023» жедел профилактикалық іс-шарасы басталған болатын. Ауқымды жұмыстарға 120-дан астам полиция қызметкері, Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағы жұмылдырылған еді. Жұдырықтай жұмылып жүзеге асқан жоба нәтижесін ұзақ күттірмеді. Осылайша шара аясында Тараз қаласында есірткі өндіретін фитолаборатория анықталып, жойылды.
Тарқата айтсақ, жедел ақпаратты іске асыру барысында полицейлер Ресей Федерациясының 61 жастағы азаматының тұрғылықты жері бойынша тінту шараларын жүргізген. Тексеру барысында бақшада көлік шинасынан 4 каннабис бұтасы табылған. Сондай-ақ қызметкерлер фитолабораторияға айналдырылған моншаны анықтады. Онда 2 каннабис бұтасы табылды. Сондай-ақ үйдің әр жерінен «кептірілген марихуана» есірткі заттары анықталды. Арнайы операция барысында барлығы жалпы салмағы 2 400 грамм каннабис өсімдіктерінің 6 бұтасы, жалпы салмағы 113 грамм кептірілген марихуана тәркіленді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігі, яғни өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді егу немесе өсіру немесе қарасора, көкнәр немесе құрамында есірткі заттары бар басқа да өсімдіктердің сорттарын өсіру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл бап екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі жазаны көздейді немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен жазаланады. Не болмаса алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартумен, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар есірткіні республиканың басқа аймақтарына әкетілуіне тосқауыл қою және оның алдын алу мақсатында Алматы, Шымкент және солтүстік облыстар бағытында 5 жылжымалы мобильді бекет құрылып, жедел іздестіру иттерінің көмегімен 9 есірткі құқық бұзушылық деректері әшкереленіпті.

 

 

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар