Жаңалықтар

«СК-Фармацияның» бұрынғы басшысы ақталып шықты

«СК-Фармацияның» бұрынғы басшысы ақталып шықты

Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық сотының судьясы Қанат Дүйсембиев «СК-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріпке үкім шығарды.

Прокурор Дастан Купербаев күдіктіні бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Судья Берік Шәріпті қамаудан босатып, айыппұл салуға шешім қабылдады.

«Берік Шәріп 287-бапта, 2-бөлікте көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және 1000 АЕК - 2 миллион 778 мың теңге айыппұл тағайындалсын. Берік Шәріп 361-бапта, 4-бөлікте, 3-тармақта көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылсын және оның іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағаны үшін ақталсын. ҚК-нің 62-бабына, 3-бөлігіне, 4-тармағына сәйкес айыппұл түріндегі жаза мерзіміне 2020 жылғы 12 тамыз бен 2021 жылғы 4 тамыз аралығындағы кезеңде айыппұл түріндегі жазаны өтеудің 4 АЕК үшін күзетпен ұстау уақытының бір күні есебімен күзетпен ұстау уақыты есептелсін, Берік Шәріп тағайындалған жаза өтелді деп есептелсін және ол сот отырысы залында күзетпен ұстаудан босатылсын. Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы жойылсын. Қылмыстық жауапкершілікке тартумен келтірілген зиянды өтеттіру құқығы ақталды деп танылсын», деп қаулы етті судья.

Берік Шәріп 11 айдан астам уақыт қамауда болды. Кеше, 3 тамызда ол сотта соңғы сөз сөйледі, онда ол өзін кінәсіз деп атады.

«Маған «дәрігерлерге вирус жұқтырдың» деген айып тағылды. Бірақ бұл мүмкін емес, өйткені менің әріптестерім коронавирустан қорғаудың бірінші қатарында. Бүкіл әлемде дәрігерлер вирусты пандемияның басында да, қазір де жұқтырып келеді. Бұл инфекцияға бірде-бір ел дайын емес еді, оның ішінде біз де бармыз», деді ол.

«СК-Фармация» ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріптің ұсталғаны туралы 2020 жылғы тамызда белгілі болды.