Әскерге кімдердің баратынын енді жасанды интеллект анықтайды
- авторАрайлы Жақсылық
- 25 шілде, 2025
- 629
Жаңа бастамалар әскери қызметтің тиімділігі мен сапасын арттырып, әкімшілік процестерді жеңілдетуге бағытталған. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді.
Қорғаныс министрлігі әскери білім беру мен мерзімді қызметке шақыру жүйесіне цифрлық шешімдерді белсенді енгізуде. Атап айтқанда, «Smart военкомат» жүйесі арқылы әскерге шақыру жасындағы азаматтарды автоматты түрде іріктеу көзделген. Жасанды интеллект бұрынғы шақырылушылар туралы мәліметтер базасына сүйене отырып, нақты критерийлер негізінде шақырылуға тиіс азаматтарға ғана хабарлама жолдайды.
Әскери оқу орындарына құжаттарды енді eGov порталы арқылы онлайн тапсыруға болады. Қазіргі таңда бұл бағытта 22 мемлекеттік қызмет цифрландырылған. Сонымен қатар, оқудан шығып қалған азаматтарды қайта қалпына келтіру үшін 16 мемлекеттік қызмет осы жүйе арқылы қолжетімді. Алдын ала медициналық тексеру талабы алынып тасталды, ал арнайы тексеру қашықтан жүргізіледі.
Цифрлық трансформация аясында маңызды нәтижелердің бірі – еліміздің барлық әскери оқу орындарын біріктіретін «Askeri Ziyat» атты көпфункционалды платформа әзірленді. Бұл платформа 20 бағыт бойынша оқу курстарын ұсынып, әскери жоғары оқу орындары мен колледждерді бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктіреді. Қазіргі таңда платформада 1000-нан астам әскери қызметші тіркеліп, олардың 300-ден астамы оқуын аяқтап, сертификат алған. Сондай-ақ, ведомствоаралық электрондық кітапхана да осы жүйеде қарастырылған.
Мерзімді қызметтегі сарбаздарға арналған «Sarbaz 2.0» жобасы да өз жалғасын табуда. Бұл жоба арқылы сарбаздар мемлекеттік гранттар негізінде жоғары білім алу мүмкіндігіне ие. Жыл басынан бері 10 мыңнан астам сарбаз онлайн-тестілеуге қатысуға ниет білдірген. 2025 жылғы мамыр айында 2010 сарбаз еліміздің жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен оқуға түсті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының жасанды интеллектті кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Қорғаныс министрлігі ARMIA.KZ сервисін іске қосты. Бұл ЖИ-ассистент қазіргі таңда 2000-нан астам сұранысты өңдеп, әскери қызмет туралы ақпараттың әмбебап көзіне айналып отыр. Заңнамадағы өзгерістерге бейімделе алатын бұл бот азаматтарға нақты әрі өзекті ақпарат беретін «цифрлық кеңесші» ретінде жұмыс істейді.
Қорғаныс министрлігі бұдан бөлек әскерге шақыру үдерістерін, қорғаныс қабілетін және жауынгерлік дайындықты жетілдіру мақсатында қорғалған цифрлық жүйелерде жасанды интеллект қолданылатын бірқатар жобаларды да іске асыруда.





