Соғады сен деп жүрегім
Соғады сен деп жүрегім
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 4 наурыз ақын Серік Томановтың туғанына 65 жыл толуына орай ақынның жары Бибігүл Оразбаевамен «Соғады сен деп жүрегім» атты онлайн сұхбат өткізді. Онлайн сұхбат барысында ақынмен алғаш танысқан кезі, ақынның жары болудың қызығы мен қиындығы, отбасылық құндылықтар, арада жылдар өтсе де мәңгілік сағыныш жайлы толқып отырып әңгімеледі. Ақынның өлең жазудағы жанкештілігі, білімділігі, сіріңкенің қабығына өлең жазатын кездері, өзіне деген құрметі, аяулы сезім кешкен сәттері де айтылды. Ақын деген – Құдайдың сөз құдіреті қонған адам болса, ақынға жарды Құдай қосатынын, қос құлыны Еркін мен Маралды үлкен махаббатпен өсіргенін, бүгінде әке жолын қуып, әдебиетші болмаса да, қара сөзден құр алақан емес екенін, екеуінің де үлкен қызметті абыроймен атқарып келе жатқандарын, әке атын мақтанышпен, зор құрметпен алып жүргендерін жеткізді. Ақынның «Жазушылар одағына» мүше болмауына байланысты мерейтойлары тойланбай жатқанына қынжылысын жеткізді. Соңынан ерген қазақтың ақын жігіттері Маралтай, Ерман, Азамат, Хамиттің осы мәселені көтеріп, біраз жүгіргендерін, Серік ақынды ең бірінші елінің іздегеніне қуанатынын да айтты. Әдемі кешті Бибігүл Оразбаева жарының өзіне арнаған «Бибігүл» өлеңін оқумен аяқтады.