Жаңалықтар
Солтүстік Қазақстанда тұрғындар малдарының "белгісіз аурудан" өлгенін хабарлады
- авторjambylinfo.kz
- 11 тамыз, 2021
- 245
Солтүстік Қазақстанда тұрғындар малдарының "белгісіз аурудан" өлгенін хабарлады
Солтүстік Қазақстан облысында "белгісіз аурудан" ірі қара өлген. Кеселден негізінен Уәлиханов ауданындағы Мортық ауылының тұрғындары зардап шеккен.
21 шілде күні басталған мал ауруынан оннан астам ірі қара өлген. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, 3-4 айлық бұзаулар мен жас тайыншалар да қырылған. 13 малдың өлексесі өртелген.
Олардың ішінде Мортық ауылының тұрғыны Ермек Әбіловтің де малы бар.
-Екі үйден – екі бас қара мал, қалған тұрғындардың әрқайсынынан бір малдан өлді. Біз мал шығыны үшін үкіметтен өтемақы сұрамаймыз. Жас малдар індет жұқтырды ғой енді. Мүмкін оларға алдын ала вакцина егу керек пе еді деп қалдым, - деді ауыл тұрғыны 11 тамызда Азаттық тілшісіне.
Тұрғындардың айтуынша, ауру жұққан ірі қараның артқы аяқтары ісіп, ақсайтын көрінеді. Іші қарысып өлгендер де бар. Облыстың ветеринар мамандары ауруды анықтау мақсатында өлген малдан алынған сынаманы астанаға сараптамаға жіберген.
– Нұр-Сұлтанға патологиялық материалды зерттеуге жібергенбіз. Оның нәтижесі келді. Вирустық диарея, инфекциялық ринотрахеит ауруы тіркелді. Енді мал қырылған орынға және малды алып-сатуға шектеу қойылады. Тағы да басқа шаралар қолданылады, - деді СҚО ветеринария бөлім басшысы Қайырлы Қазанов.
Ақпаратқа қарағанда, ринотрахеит – жылдам таралатын жұқпалы ауру. Аталған вирус жұққан малдарда қалтырау, тұншығу, көздің нашарлауы сияқты белгілер пайда болады. Оған жас малдар көбірек ұшырайды.
Қазір Мортық ауылындағы жағдай тұрақталған. Ветеринар мамандар алдағы уақытта да малы қырылған ауылдағы жағдайды бақылауда ұстайтындарын айтты.
СҚО-да биыл бұдан басқа мал өлімі тіркелмеген. Былтыр теріскейде құс тұмауы тіркеліп, жарты миллионнан астам үй құсы қырылып қалған болатын.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз