Сорбұлақтағы тікұшақ апаты: үшінші ұшқыштың мәйіті табылды
- авторСадуақас Айсұлу
- 12 тамыз, 2025
- 586
Қорғаныс министрлігі тікұшақ апатынан қаза тапқан үш әскери қызметкердің есімдері мен фотоларын жариялады. Су астындағы іздестіру жұмыстары барысында қаза тапқан үшінші әскери қызметкердің де денесі табылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
10 тамызда іздеу тобы экипаж командирі – майор Нұржігіт Үйсінбаевтың мәйітін анықтады. Ол армиялық авиацияда (ВиИР) эскадрилья командирінің орынбасары қызметін атқарған, 1-сыныпты ұшқыш болған. EC-145 тікұшағын басқаруда мол тәжірибесі бар майордың жалпы ұшу уақыты 930 сағатты құраған.
11 тамызда борт технигі – капитан Бахтияр Ержігітовтің денесі табылды. Авиациялық эскадрилья құрамында қызмет еткен ол 1-сыныпты маман ретінде EC-145 тікұшағын пайдалануда 300 сағат тәжірибе жинаған.
12 тамызда экипаж командирінің көмекшісі – капитан
Аман Амангелдінің мәйіті табылды. Ол – күрделі метеорологиялық жағдайда да ұшу тәжірибесі бар, бірнеше оқу-жаттығу мен әскери операцияға қатысқан кәсіби ұшқыш. Оның жалпы ұшу уақыты 295 сағатты құраған.
Үшеуі де Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлектері.
Қазіргі уақытта апат болған жердегі іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. Тікұшақтың фрагменттерін табу және су түбінен көтеру шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, апаттың нақты себептерін анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, апатқа ұшыраған тікұшақ – EC-145 үлгісіндегі армиялық авиацияға тиесілі тікұшақ. Қайғылы оқиғаның нақты күні мен мән-жайы ресми түрде әлі хабарланған жоқ.






