Жаңалықтар

Сот медиациясын жүргізу тәртібі

Сот медиациясын жүргізу тәртібі

Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Бүгінде еліміздегі сот саласында медиацияға қатты көңіл бөлініп жатыр. Себебі, судья шешім шығаратын болса, бір тарап ұтылатыны анық. Ал, тараптар медиациялық келісімге келсе, онда олар ешқандай күйзеліске түспейді. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының өкімімен «Даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Баламен кездесу уақытын белгілеу, баланың тұрғылықты мекенжайын анықтау, алимент мөлшерін азайту туралы талап қоюлар сотқа келіп түссе, судья талап қоюды сол күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шешеді. Сөйтіп, татуласу рәсімдері жүргізілген кезде талап қоюды қабылдау ол келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Ал, сотқа дейінгі хаттама жасалған жағдайда, талап қоюды қабылдау ол келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Сосын талап қоюды бірінші сатыдағы соттың іс жүргізуіне қабылдайды. Сотқа келіп түскен жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін. Азаматтық процесс шеңберінде жүргізілген медиация тоқтатылған жағдайда тараптар іс жүргізуде азаматтық іс жатқан сотқа тез арада дауды реттеу туралы келісімге қол қойылған жағдайда аталған келісімді, медиацияны тоқтату туралы жазбаша хабарламаны тараптарға жіберуге міндетті. Медиацияға жүгінсе, дауласушылардың бірінікі дұрыс, екіншісі бұрыс демей, тараптар ортақ шешімге келеді. Сол арқылы екі жақтың да мүддесін қамтитын шешім шығады. Түптеп айтқанда, медиация әртүрлі қиын жағдайға тап болған адамдар арасында келісімге келудің ізгілікті жолы деуге болады. Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды. Биылғы жылдың сәуір айына дейін облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 254 талап қою сотқа келіп түссе, оның ішінде 194 –ті аяқталып, 21 азаматтық іс бойынша тараптар медиациялық келісімге келген. Медиацияны одан әрі дамыту бағытында аудан, ауыл тұрғындарына татуласу рәсімдері мен медиация туралы, оның ішінде медиация мен партисипативтік келісімдерін насихаттау және дауды сотқа дейін татуласу арқылы шешудің тиімділігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізудің маңызы өте зор. Айгүл БЕКСҰЛТАНОВА, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы