Сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды
Сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды
Түзеу мекемесіндегі сотталғандарды қоғамға бейімдеуді түпкі бір әдісі – еңбекпен тәрбиелеу. Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің алдына қойған басты міндеттерінің бірі де осы. Яғни, ҚАЖ қызметкерлері жазасын өтеушілерді қайта тәрбиелеу арқылы олардың түзелу жолына түсуіне барынша ықпал етеді. Тараз қалалық әкімдігінде өткен жиынның да басты мақсаты осы. Жиналғандар түзеу мекемесіндегі еңбек дағдысы – еркін өмірдегі табысты кілті екенін баса айтты. Басқосуға өңірлік ҚАЖ департаментіне бағынысты №26 түзеу мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Нұржан Кузембаев, аталған департаменттің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы, әділет подполковнигі Аймен Тайтелиева, қалалық №3 пробация бөлімінің бастығы, әділет майоры Қуаныш Калық және Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайл мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Жиын барысында сөз алған №26 түзеу мекемесінің бастығы Нұржан Қайратұлы жаза басып, темір торға тоғытылғандар үшін жұмыспен қамтылу аса маңызды екенін атап өтті. - Дер кезінде еңбекке араласпаған сотталушы азамат қайта қылмысқа баруы ғажап емес. Ал олардың қылмыс жолына түспеуі үшін ең әуелі жұмыспен қамту жағын ойластырған жөн. Бүгінде мекеме әкімшілігі сотты болғандардың икем-дағдыларына, білім-біліктеріне қарай жұмысқа орналастыруда. Мәселен, мекемедегі жазасын өтеуші азаматтардың 154-і «екі қолға бір күрек» тауып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады. Сол себепті, сіздермен әріптестік байланысымызды нығайта түсуге ниеттіміз, - деді Н.Кузембаев. Жиында өзге де қатысушылар сөз алып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Олардың айтуынша, бірлесе жұмыс істеу арқылы бұл түйткілдің түйінін тарқатуға болады.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз