Студенттік достықтан – табысты стартапқа дейін: қос қазақстандық жасаған AI-стартап 3,6 млн доллар инвестиция тартты
- авторjambylinfo.kz
- 6 ақпан, 2025
- 277

Ақпан айының басында Perceptis стартапы генеративті жасанды интеллект арқылы консалтингтік компаниялардың күнделікті жұмысын автоматтандыру үшін 3,6 млн доллар инвестиция алды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Business Insider басылымының мәліметінше, бұл қаржыландыру Streamlined Ventures, сондай-ақ The House Fund, Tekton Ventures, FEBE Ventures, MOST Ventures және Silkroad Innovation Hub сынды венчурлық қорлардан тартылған.
Сонымен қатар, жобаға бірқатар танымал бизнесмендер де инвестиция салды. Олардың қатарында Meta компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі және Microsoft-тың бұрынғы басшысы Чарли Сонгхерст, Everlaw негізін қалаушысы әрі бас директоры Эй Джей Шанкар, сондай-ақ Founding Sales кітабының авторы және Atrium компаниясының тең құрылтайшысы Питер Казанджи бар.
Perceptis стартапының негізін алматылық РФММ түлектері Әлібек Достияров пен Ерсұлтан Сапар қалаған.
🔹 Әлібек Достияров – Purdue University-дің бакалавры, кейін Берклидегі Хаас бизнес мектебін тәмамдаған. Purdue-де оқып жүргенде Google мен Amazon-да тағылымдамадан өткен. Кремний алқабы мен Сиэтлде инженер болып жұмыс істей жүріп, техникалық дағдылармен қатар бизнеске де қызығушылығы артқан. Кейін McKinsey компаниясына қосылып, алдымен Қазақстандағы, содан кейін АҚШ-тағы бөлімшелерінде кеңесші ретінде жұмыс істеген.
🔹 Ерсұлтан Сапар – инженер, Forbes Kazakhstan-ның «30 жасқа дейінгі 30» (2024 ж.) рейтингіне енген. Беркли университетін бітіргеннен кейін Apple-ге инженер болып жұмысқа тұрған. Оның командасы Apple Watch-та интернет-мессенджерлер арқылы қоңырау шалу технологиясын әзірледі. Кейіннен Ерсұлтан Special Project Group-қа қосылып, Apple компаниясы үшін 5–10 жылға арналған жаңа технологияларды зерттеумен айналысты.
2024 жылдың 15 мамырында iOS 18 жүйесінде пайда болған Vehicle Motion Cues функциясын жасауға бас әзірлеуші ретінде қатысқан. Бұл мүмкіндік көлікте қозғалған кезде адамның жүрегі айнымауы үшін экранда анимациялық нүктелерді көрсетеді. Осы жобаны аяқтағаннан кейін Ерсұлтан өз стартапын жүзеге асыру үшін Apple-ден кетуге шешім қабылдады.
Студенттік достықтан – табысты стартапқа
Perceptis-тің негізін қалаған Әлібек Достияров пен Ерсұлтан Сапар алғаш рет Беркли университетінде танысқан. Қазақстандықтар жатақханада бір бөлмеде тұрып, достасып, болашақта бірлескен стартап құруды армандаған.
Әлібектің айтуынша, Perceptis 2024 жылдың сәуір айында АҚШ-та құрылған. Ал Ерсұлтанның сөзінше, Perceptis – бұл консалтингтік компанияларға клиенттер тартуға және жұмыс процестерін тиімді етуге көмектесетін операциялық жүйе.
Perceptis қалай жұмыс істейді?
"Біз консалтинг саласындағы мамандарға өз қызметтерін сатуды жеңілдететін платформа жасап жатырмыз. Біздің басты назарымыз – шағын және орта бизнес. Perceptis-тің негізгі идеясы – коммерциялық ұсыныстарды автоматтандыру", – дейді Ерсұлтан Сапар.
Мысалы, консультант клиентпен кездесіп, оның бизнесіндегі мәселелерді анықтайды. Осыдан кейін ол өз қызметінің артықшылықтарын көрсететін презентация жасауы керек. Бұл презентацияға әдетте 10-20 сағат уақыт кетеді, себебі ол жоғары сапалы визуалдар мен мазмұнды талап етеді.
Бұрын McKinsey-де кеңесші болған Әлібек бұл мәселені жақсы түсінеді:
"Біздің жасанды интеллект платформамыз осы процесті автоматтандырады. Консультант клиент пен оның проблемасы жайлы ақпарат енгізеді, ал 24 сағат ішінде оған консалтингтік нарықтағы ең мықты компаниялар деңгейінде жасалған дайын коммерциялық ұсыныс келеді. Бұл уақытты үнемдейді және мәміле жасасу мүмкіндігін арттырады", – деп түсіндіреді ол.
Perceptis шағын фирмаларға ірі консалтингтік компаниялармен бәсекелесуге көмектеседі.
$3,6 млн инвестиция және халықаралық нарыққа шығу
2024 жылдың қорытындысы бойынша, Perceptis $3,6 млн көлемінде инвестиция тартты. Инвесторлардың бұл стартапқа қызығушылық танытуының негізгі себебі – белсенді сату стратегиясы.
"Бүгінде біздің клиенттеріміз – АҚШ, Еуропа және Қазақстандағы компаниялар. Олардың кейбірі жылына жүздеген миллион доллар табыс табады және одан да көп пайдаға қол жеткізуді көздейді. Perceptis олар үшін құпия қаруға айналды, өйткені біздің шешімдеріміз сатылым процесін жылдамдатып, клиенттерге жіберілетін коммерциялық ұсыныстардың санын арттырады", – дейді Әлібек Достияров.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз