Жаңалықтар

Су тасқынының алдын алу шаралары көңіл көншітпейді

Су тасқынының алдын алу шаралары көңіл көншітпейді

Көктем шығып күн жылынған соң су тасқынының алдын алу мәселесі алдыңғы орынға шығады. Бірақ мұның алдын алу үшін күннің жылынуын күтіп отырмай, кешенді шаралар жыл бойы жүйелі атқарылуы тиіс. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары басты мәселе ретінде қаралды. Өңір басшысы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтындығын айтты. «Жыл сайын айтатынымыз бір әңгіме. "Баяғы жартас – сол жартас". Мен каналдар мен арықтарды, әсіресе Тараз қаласының аумағын үнемі тазалап отыру керектігін айта-айта шаршадым. Тасқын Талас, Байзақ және Жуалы аудандарында қайталанады. Әкімдер қайда қарап отыр? Егер бөгет қажет болса, салайық. Неліктен жаңбыр жауып, қардың ерігенін күтіп отыруымыз керек? Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысы сылбыр. Егер осылай жалғаса берсе, мен тиісті министрлікке облыстағы департаменттің басшылығын ауыстыру туралы мәселе қоямын. Профилактикалық жұмыс төмен деңгейде жүргізіледі», - деді өңір басшысы. Кейбір аудандарда болған су тасқынының себептерін анықтауға да назар аударды. Жиында Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев 164 шақырым арықтың 72 шақырымы жеке секторда орналасқанын айтты. Көптеген арық бітеліп, үстіне үйлер салынып кеткен, дренажды құбырлар жоқ. Бүгінде әрбір жеке жағдайда мәселені шешумен айналысатын,  тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізетін жұмысшы топтары құрылған. Қала әкімі Тараздың негізгі арналарын тазарту үшін механикаландырылған жасақтарды қолдануды сұрады. «Жауын бірнеше күн ғана жауып, көптеген қиындықтар туғызды. Ал күн жылып, тауда қар ери бастағанда не болады? Сонымен қатар, біз су жинауды үйренуіміз қажет. Қазір судың мөлшері мол болып тұр, алайда суғару кезеңінде тіршілік нәрін таппай қаламыз. Бізге тоғандар салу, арықтарды тазарту керек», – деді аймақ басшысы. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндады. Өңiр басшысы егiстiк алқаптарындағы жұмыстардың қарқын ала алмай жатқандығын айтып, нақты тапсырмалар жүктеді. Фарида Базарбаева