Жаңалықтар

Құтқарушыларға құрмет көрсетілді

Құтқарушыларға құрмет көрсетілді

  19 қазан – Құтқарушылар күні. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді. Құтқарушылар күні қарсаңында Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев осы саланың ардагерлері және бүгінгі бейбіт күннің батырларымен кездесіп, меншікті мерекелерімен құттықтады. Ұзақ жылдар бойы құтқару қызметінде табан аудармай еңбек еткен бірқатар азаматтарға "Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісін табыс етіп, сала мамандарына Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапаттады. 100 мыңнан аса халыққа аудандағы № 5 және №19  өрт сөндіру бөлімдері қалтқысыз қызмет етіп келеді.  Барлығы 5 дана өрт сөндіру автокөлігі мен 1 дана автосаты, 50-ге жуық құтқарушы шақыруларға шығып, жүктелген міндеттерін тиянақты орындап келеді. Жыл басынан бері төтенше жағдайлар бөліміне 272 шақыру түсіп,  74 өрт тіркелген.  Одан бөлек, 22 дала өрті болып, 133 гектар жерді жалын шарпыған. Міне, осындай ауқымды жұмысты шашауын шығармай орындап, тосыннан келген апаттың алдын алуда Шу ауданының құтқарушылары барын салуда. Құтқарушылардың жұмысы өз өміріне қауіпті болып келеді. Дегенмен олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Сәкен Қаланұлы олардың өлшеусіз еңбектерін айта келе, ел алдындағы абыройлы қызметтері үшін ауданның төтенше жағдайлар бөлімінде қызмет істеген ардагерлер мен сала мамандарына ризашылығын білдірді.