Жаңалықтар

Тұрғын азапталған: Ринат Заитов полицейлерді жауапқа тартуды талап етті

Тұрғын азапталған: Ринат Заитов полицейлерді жауапқа тартуды талап етті

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов қазақстандықтар полицияға әділдік іздеп баратынын, бірақ кейбір тәртіп сақшылары тұрғындарға қоқан-лоқы көрсетіп азаптайтынын айтты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz  Massaget.kz сайтына сілтеме жасап. Депутаттық сауал Бас прокурор Берік Асыловтың атына жолданды. "Қазақстан өз билігін күш құрылымдарына пәрменді есірсін деп емес, ескерсін деп береді. Халықты қорласын деп емес, қорғасын деп береді?! Сондықтан бүгінгі шұғыл сауал жолдауымыздың себебі – қарапайым халықтың үнін, мұң-мұқтажын, талап-арызын сіздерге жеткізудің соңғы амалы. Өйткені шарасыз халық біз, депутаттарға соңғы инстация ретінде, басқа органдардан көмек болмағасын ғана жүгінеді", - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында. Ринат Заитов депутаттардың атына өңірлердегі күш құрылымдары қызметкерлерінің іс-әрекетіне шағымданатын хаттар түсіп жатқанын атап өтті. "Оларға Алматы, Шымкент, Өскемен, Семей, Жаңаөзен және тағы басқа қалалардан түскен бірқатар шағымды жатқыза аламыз. Онда Ата заңымызбен бекітілген, адам және адамның өмірі, оның құқығы мен бостандығын қорғау сияқты, айрықша құқыққа ие – күш құрылымы қызметкерлері өздерінің «жедел іздестіру іс-шараларын» жамылып, жеке мақсатта әрекет ететіндері мәлім болып жатыр", - деді ол. Депутат сөзіне нақты дәлелдер келтірді. "Шымкент қаласының тұрғыны, жалғыз басты ана – А.А. Мамаеваның және оның ұлы алаяққа тап болып, шамамамен 4 млн теңгеден айырылған. Олар Шымкент қаласы Еңбекші ауданының полиция басқармасына арызданған. Өтініш иесінің айтуынша, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен таныстығының арқасында, айыпталушының үстінен қозғалған қылмыстық іс, белгісіз себептермен бірнеше рет тоқтатылған. Содан кейін жәбірленуші мен оның ұлына ашық түрде қоқан-лоқы көрсетілген. 2021 жылдың тамызында қозғалған іс бүгінге дейін сотқа жетпеген", - деді Ринат Заитов. Сондай-ақ ол Шығыс Қазақстанда күш құрылымдары қарапайым тұрғынды азаптағанын айтты. "Қоғамдық қабылдауға келген Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының тұрғыны З.А.Тотанованың арызына тоқталайын. Бұл жағдай тіптен ойға қонымсыз. Оның айтуынша, жәбірленушінің өзіне өңірдегі күш құрылымдарының қызметкерлері тірідей мәйіт қаздырып, азап көрсеткен. Осындай істі сотқа дейін жеткізбеу, не тіпті істі қозғамау, билігін асыра пайдалану және тағы да сол сияқты іс-әрекеттер туралы менің осындағы әріптестерім де айта алады. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігіндегі "оборотней в погонах" өз қызметтік мансабын асыра пайдаланып, қыздарды зорлау фактісімен өздері ұсталып отыр. Осы ретте оларға сенім қайдан болсын?!", - деді депутат. Ринат Заитов құзыретін қылмысты азайту үшін емес, табысын көбейту үшін пайдаланатын қызметкерлерге шара қолдану қажет деген ұстанымда. "Құқық қорғау саласындағы жекелеген бассыздықты жою үшін Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті орталық аппараттарының өкілдерінен Тұрақты әрекет ету тобын құруды, аталған топқа қылмысы дәлелденген күш құрылым қызметкерлерінің құзыретінде болған істерді қайта қарап, шын кінәлілерді анықтауды ұсынамыз", - ол. Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/basty-zhaalytar-438/97284/