Жаңалықтар

Тұрғындар 2,5 пайызбен 704,1 миллион теңге несие алған

Тұрғындар 2,5 пайызбен 704,1 миллион теңге несие алған

  Қордай ауданы Жамбыл ауылдық округінде «Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы екі жыл бұрын қолға алынып, бүгінде нәтижелі жүзеге асуда. Аталған ауылдық округтің әкімі Айдар Бірімқұловтың айтуынша, елді мекен тұрғындары 2,5 пайызбен 704,1 миллион теңге несие алып, шаруашылықты бес бағыт бойынша дамытуға мықтап кіріскен. Бүгінде ауылдық округтегі 950 аула үй іргесіндегі жерді тиімді игеріп отырса, мал шаруашылығын өркендетуді көздеген ауылдықтар бас-аяғы 4193 бас мал сатып алған. Нәтижесінде, ауылдықтардың орташа табысы 500 мың теңгеден асып, жұмыссыздар саны 2,5 есеге қысқарған. Мұндағы ағайынның бірі техника алып жер жыртса, екіншісі сол өнімді азық ретінде пайдаланып, мал өсіруді жолға қойған. Бір сөзбен айтқанда, шаруашылықтың бірнеше түрімен айналысатын тұрғындар бір-біріне жәрдемдесіп,  ұйымшылдықпен жұмыс істеуде. – Жобаға дейін округте 131 жеке кәсіпкер тіркелсе, несиелендірудің аясында олардың саны 381-ге көбейді. 83 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 113 отбасыға азайды. Жобаға 38 атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы қатысты. Қатысушылардың орташа жылдық табысы артты. Бұдан бөлек, күнделікті ауыл тұрғындарының үйіне барып, оларға мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін түсіндірудеміз, – дейді ауыл әкімі Айдар Бірімқұлов.