Жаңалықтар

Түрік инвесторлары облыста бау-бақша салып, жемістер мен көкөністерді қайта өңдеуге ниетті

Түрік инвесторлары облыста бау-бақша салып, жемістер мен көкөністерді қайта өңдеуге ниетті

Жамбылдық шаруалар бір гектар ауыл шаруашылығы жерінен 20 тоннадан артық өнім жинаған емес. Ал түрік инвесторлары өңірімізде интенсивті бақтар салып, жемістер мен көкөністерді қайта өңдеу бойынша ірі жобаны іске асыруға ниет танытып отыр. Осы мәселе бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Göknur Gıda» корпорациясының өкілдері арнайы кездесті. Өзара кездесуде қос тарап бірлесе жүргізуге уағдаласты.

- Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Осы жылдар ішінде Қазақстан Түркиямен бірлесіп, экономикалық, саяси, гуманитарлық байланыстарды өзара нығайтуға ықпал еткен көптеген серпінді жобаларды табысты жүзеге асыра алды. Бүгінде екі ел арасындағы достық және бауырластық қатынас өте жоғары деңгейде орныққан. Түркия –Қазақстанның ең жақын және сенімді серіктестерінің бірі болып табылады, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Göknur Gıda корпорациясының атқарушы директоры Осман Асланали Бердібек Сапарбаевқа жылы ықыласы үшін алғыс айтып, Жамбыл облысында перспективалық жобаларды іске асыру жоспарларымен бөлісті.

Осман Асланали жеміс өндіру және қайта өңдеу жобасы аясында бес мың гектардан астам жерге жеміс ағаштарын отырғызуды және қайта өңдеу зауытын салуды көздеп отырғандықтарын жеткізді. Жобаны бес жыл ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарлануда. Инвесторлар біздің облыста өндірілген өнімді ішкі нарыққа және шетелге сатуды жоспарлап отыр. Жоба құны 92 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның аясында 1000 жұмыс орнын құру жоспарлануда десек, оған негізінен жергілікті тұрғындар тартылмақ.

- Біздің компания жемістер мен көкөністерді өндіруге және өңдеуге бағытталған. Ол үшін біз шикізат базасын дамыту және жергілікті шаруаларды үйрету үшін заманауи агротехнологияларды пайдалана отырып, бау-бақша отырғызудан бастап интеграцияланған модель жасағымыз келеді.

Инвесторларға жоғары өнімді жеміс бақтарын өсіруге болатын жерлер ұсынылды. Атап айтсақ, Жамбыл ауданында 2,5 мың га, Т.Рысқұловта 470 га, Жуалыда бес мың га және Сарысу аудандарында 1200 га аумақтар назарға алынды. Шетелдік агрономдар топырақтың құнарлығын анықтау бойынша жұмыстар жүргізетін болады.

- Азық-түлік өндірісі – біздің басым бағытымыз. Нарығымызда Пәкістанның, Ауғанстанның, Түркияның өнімдері басым, яғни жергілікті көкөністер мен жемістер аз. Бұл жағдай олардың бағасына әсер етуде. Бізге интенсивті бақтардың аумағын кеңейту керек. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге инвестициялық субсидиялар, жеңілдетілген несиелер секілді мемлекеттік қолдаулар көрсетілуде. Жамбыл облысының аграрлық әлеуеті жоғары. Облыстың ауыл шаруашылығы заманауи технологиялардың мүмкіншілігіне сүйене отырып, жетістікке жетуге ниетті. Өңірдің басты мәселелерінің бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласының кеңжелеп қалғандығы. Ауыл шаруашылығын жергілікті экономиканың драйверіне айналдыру үшін біз жер бөлуге және инфрақұрылым жүргізуге қол ұшын береміз,  - деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі жауапты басқармаларға уақыт созбай, түрік инвесторлары ұсынған жобаны іске асыру бойынша жұмыстарды жеделдету қажеттігін ескертті.