Жаңалықтар

Түркияда 6 ақпаннан бері 22,5 мың жерасты дүмпуі тіркелді

Түркияда 6 ақпаннан бері 22,5 мың жерасты дүмпуі тіркелді

6 ақпаннан бері, яғни эпицентрі Түркияның Қахраманмараш қаласында болған жойқын жер сілкінісінен кейін 22 500-ге жуық жерасты дүмпуі болды. Бұл туралы Түркияның Төтенше жағдайларды басқару және алдын алу басқармасының (AFAD) басшысы Юнус Сезер Түркия ғылыми-техникалық зерттеу кеңесі (TUBITAK) онлайн режимінде ұйымдастырған жер сілкінісін зерттеу конференциясында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Жамбылинфо Aнадолы ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Оның айтуынша, 6 ақпанда Қахраманмараштағы жер сілкінісі 1668 жылы Солтүстік Анадолы мен 1939 жылы Эрзинджандағы осындай апаттардан кейінгі үшінші ірі жер сілкінісі болды. «Бұл әсер ету аймағы, қирау және адам шығыны бойынша ең үлкен апат болды», - деді Сезер. AFAD басшысы жер сілкіністерінен аймақта тұратын 15 млн-ға жуық адам зардап шеккенін айтты. «Магнитудасы 7,7 болған бірінші жер сілкінісінің ұзақтығы 65 секунд, ал екінші 7,6 балдық жер сілкінісінің ұзақтығы 45 секундты құрады. Қазіргі уақытта шамамен 22 500 жерасты дүмпулері болды. Бұл көрсеткіш AFAD жыл ішінде тіркеген жер сілкінісінің орташа санына тең. Магнитудасы 5-6 болатын дүмпулер саны – 47. Екі жер сілкінісі салдарынан ұзақтығы 400 шақырымдай жерүсті жарылыстары орын алып, жер қыртысында 7,5 метрге дейінгі ығысулар пайда болды», - деді Сезер.

photo
Оның айтуынша, эпицентрі Қахраманмарашта болған жер сілкінісі салдарынан 56 426 ғимарат қираған, 206 452 ғимарат ауыр, 48 984-і орташа және 516 352-сі жеңіл түрде бұзылған. Сезер іздеу-құтқару жұмыстарынан кейін бірінші кезеңде аймаққа 160 мың шатыр жіберілгенін атап өтті. «Қазіргі уақытта 610 мыңға жуық шатыр орнатылды, 289 контейнерлік алаңға 45 мың контейнер қойылды», - деді AFAD басшысы. «Бірінші кезеңде аймақта жер сілкінісінен зардап шеккен 2 млн 800 мың адам орналастырылды, қазір 2,5 млн адам паналап отыр. Зілзаладан зардап шеккен тағы 800 мың жер адам аймақтан тыс жерлерге орналастырылды», - деп қосты Сезер. Бұрын хабарланғандай, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды (жергілікті уақыт бойынша 04:17-де – 7,7 балл және 13:24-те – 7,6 балл). Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 50 мыңнан асты. Жойқын жер сілкінісі көршілес елдерде, соның ішінде Сирия, Ливан, Солтүстік Кипрдегі Түрік Республикасы, Грекия Кипрінде және Иракта да сезілді. Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/turkiyada-6-akpannan-beri-22-5-myn-zherasty-dumpui-tirkeldi_a4051653