Түркияда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды
Anadolu агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, елде және шетелдегі елшіліктерде мемлекеттік ту төмен түсіріледі.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Болу провинциясындағы Карталкая тау-шаңғы шипажайында болған өртке байланысты 22 қаңтарды ұлттық аза тұту күні деп жариялады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл туралы бауырлас елдің Ішкі істер министрі мәлімдеді.
Еске салайық, 21 қаңтарға қараған түні Карталкая тау-шаңғы шипажайында болған өрт салдарынан қазіргі уақытта 76 адам қаза тауып, 50-ден аса адам жарақат алған.
Көз жұмған 52 азаматтың есімі анықталды. Оқиғаны тергеу барысында 9 күдікті ұсталды. Президент Реджеп Тайип Ердоған қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, кінәлілердің лайықты жазасын алатынына сендірді.
Өрт сөндіруге 156 техника мен жеке құрамның 428 маманы жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі мен кінәлілерді анықтау үшін тергеу амалдары басталды. Оқиға бүге-шігесіне дейін зерттеліп жатыр. Осы қайғылы оқиғаға себепкер болғандар заң алдында жауап береді. Сыздаған жүрегіміздің жарасын сипаттауға сөз жетпейді. 1 күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Бүгін елімізде және шетелдегі өкілдіктерімізде туларымыз төмен түсіріледі. Бұл күн – бірлік пен ынтымақ күні, - деді президент.
Өрт Түркия уақытымен шамамен түнгі сағат 3 жарымда демалушылар терең ұйқыда жатқан кезде 12 қабат ғимараттың төртінші қабатындағы асханада тұтанған.
Өрттің шығу себебі 6 прокурор анықтап жатыр. 9 күдікті қамауға алынды. Арасында қонақүй иесі бар. Елдің ішкі істер министрінің айтуынша, өрт себебі 10 күннің ішінде анықталуы керек.