Т.Рысқұловта «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күні өтті
- авторjambylinfo.kz
- 27 тамыз, 2024
- 242
Әуелі Ақыртөбе ауылынан бой көтерген жаңа мәдениет үйі салтанатты түрде ашылды. Келбеті көз тартарлық көрікті мәдениет үйі заманауи үлгіде салынған. Бұл нысанның құрылысын «АКМ груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жоба құны 233,3 миллион теңгені құрайды. Мәдениет үйі 140 орындық көрермен залымен, кітапханамен және қажетті құралдармен қамтылған. Сондай-ақ, мұнда әр түрлі үйірмелерді ашып, өскелең ұрпақты өнерге баулуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
– Күнделікті ауыл әкіміне келіп, осы мәдениет үйі қашан ашылып, тұрғындарды қашан қуантар екен деп жиі сұрайтынбыз. Шүкір, сол күнге де жеттік, жап-жаңа ғимарат есігін ашып, көңілімізді көтеріп, қуантты. Барша ауылдастарыма осы нысан құт болып бұйырсын деп тілеймін. Енді мерекелік кештерді, өнерпаз балаларымыздың концерттерін өз ауылымыздағы әдемі мәдениет үйінде тамашалайтын боламыз, – дейді қуанышын бөліскен Ақыртөбе ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Иманалиев.
Ауылдық мәдениет үйінің ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев ақыртөбелік жұртшылықты қуаныштарымен құттықтады.
– Облыстың 85 жылдығына орай Ақыртөбе ауылдық мәдениет үйі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тұрғызылды. Ауыл аймақтардағы мәдениет ошақтары өнер иелерін баулып, дарынын ашатын киелі орын. «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаса керек. Бұл ауылдан болашақта талай дарындардың түлеп шығарына сенеміз. Қай кезеңде де мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы. Халықтың қазынасы арта берсін, – деді Лесбек Құралбайұлы.
Аудан әкімі Ернар Есіркепов те ізгі істің басынан табылды.
– Халықтың игілігіне арналған мұндай ізгі жаңалықтар осымен шектелмейді. Өткен жылы ауданның 85 жылдығында осы ауылдан зәулім спорт кешені салынып, тұрғындардың пайдалануына берілген болатын. Бастысы – ел аман, жұрт тыныш болсын. Тәуелсіз еліміздің бақыты ортаймасын. Осындай көпшілік қуаныштарда кездесе беруді жазсын, – деп Ернар Серікәліұлы мәдениет үйінің ұжымына күйсандық сыйлады.
Құлан ауылының орталығындағы ауданның мәдениет күніне арналған іс-шара Басқар Битанов атындағы халықтық театрдың сахналық-қойылымдық көрінісімен басталды. Екі мың жылдан аса тарихы бар Таразбен тамырлас Құлан өңірі от ауызды ақындар мен жүректі батырларды тудырған өлке. Атадан қалған салт-дәстүрлерді ғасырлар бойы сақтап, ұрпаққа жалғаған халықтың барлық асыл қасиеттері ән-күймен, көз сүйсіндірер бимен ұштастыра көрсетілді.
– Облыс әкімінің қолдауымен іске асырылып отырған мәдени-көпшілік іс-шараға ауданымыздан шыққан бірқатар мәдениет майталмандары өңіріміздің халқына өнер көрсету үшін арнайы келіп, бүгінгі жиынға өз үлестерін қосуда. Мәдениет пен өнер халықтың бағдарлы болашағына бастау болары анық. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі саналатынын айтып келеді. Бүгінде тұрғындарымыздың рухани дүниесін байыту бағытында 21 мәдениет үйі мен клуб, 31 кітапхана, «Сұлутөр» кинотеатры, 1 тарихи өлкетану музейі, 1 «Зерде» автобейнемобиль және 5 халықтық атағы бар өнер ұжымында 231 мәдениет қызметкері еңбек етіп жүр. Сонымен қатар, өткен жылы ауданымыздағы 6 этномәдени бірлестіктің барлық өкілдері үшін үлкен маңызға ие Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық үйі» ашылды. Бүгінде аталған әлеуметтік нысан бір шаңырақ астында тұратын аудан жұртының береке-бірлігі мен ырыс-ынтымағының сарайына айналып, табысты қызмет етуде. Ауданымызда ұлт руханиятын жаңғырту ісіне қатысты нақты іс-шаралар қолға алынып, ауқымды жобалар да іске асырылып жатыр. Соңғы үш жылда 1 кинотеатр, 3 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, 1 мәдениет ошағы ел игілігіне берілді.
Ал мәдениет күні аясында Ақыртөбе тұрғындарының игілігіне 140 орындық мәдениет үйі қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, Жаңатұрмыс ауылында жоба құны 121,8 миллион теңгені құрайтын 90 орындық мәдениет ошағының құрылысы басталды. Осы және өзге де мақсаттарға әртүрлі бюджет тетіктерінен соңғы 3 жылда мәдениет саласына 2 миллиард 500 миллион теңгедей қаражат қарастырылып отыр. Бұл жобалар ауданның даму жо спарына сәйке с алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Киелі туған өлкеміз – ел мерейін спорт саласында арттырып, көк байрағымызды Олимп шыңында желбіреткен мықты спортшылардан да, ел ықыласына бөленіп, он саусағынан өнер тамған танымал өнерпаздардан да кенде емес.
Өткен жылдан бері қолға алынған мәдениет күндерін атап өту шарасы аудан жастарын шығармашылыққа баулып, сала майталмандарының ізін басар өскелең ұрпақтың қызығушылығын арттыруға бағытталып отыр. Мәдениет пен өнеріміз өркендей берсін, – деп Ернар Серікәліұлы аудан халқын мерекемен құттықтады.
Ақ тілектер ақтарылған соң іс-шара өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Осы ауданда туып-өсіп, бүгінде өнерімен дүйім елге танылған Досымжан Таңатаров, Гүлнұр Өмірбаева және актерлік шеберліктерімен есімі елге мәлім Бақытжан Әлпейісов, Жалғас Толғанбай, Жандарбек Садырбаев та жерлестеріне керемет көңіл күй сыйлап, қуанышт арымен бөлісті. Сондай-ақ, қонаққа келген «Жігер» тобы да әдемі әндерімен шашу шашты.
Ауданның мәдениет күндері өткен орталық сахнаның оң жағына ауылдық округтер ақ қанатты киіз үйлерін тігіп, іші-сыртын ұлттық нақышта жабдықтап, түрлі дәмнен дастарқан жайды. Оны ары қарай спорттық жарыстарға арналған алаңша, содан соң ұлттық дәстүрлер көрсеткен алаң жалғады. Жолдың қарама-қарсы бетіне Құлан қалашығының бейнесі салынып, одан беріде театр орын тепкен. Одан соң мерекелеуге келген балалардың ойын алаңы орналасты. Дүбірлі тойдан аудандағы өзге этнос өкілдері де қалыс қалмай, әрқайсысы өз ұлттық келбеттерін көрсететін көрме ұсынды. Қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұмыт қалмады. Одан жоғарыда оркестр орналасып, мәдениет күнін бастан-аяқ әсем әуенмен әрледі.
Бұл күні алуан түрлі өнер көрсетіліп, мерекелеуге келген тұрғындар спорттық жарыстарда күш сынасып, ат спортын тамашалады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінен керегін тауып, сатып алумен қатар асыл тұқымды төрт түліктің көрмесін көріп, өздеріне қажетті ақпарат алды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Биыл егін бітік шықты
Ұқсас жаңалықтар
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді
- авторСадуақас Айсұлу
- 23 желтоқсан, 2024