Тұсаукесер – ұлттық дәстүрдің жаңғырығы
Бұл – ата-бабадан жеткен асыл мұраларымызды дәріптейтін, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын ерекше күн.
«Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жалпы, Наурыз мерекесі басталғалы бері еліміздің түкпір-түкпірінде мәдени мұраларымызды насихаттайтын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлт руханиятына серпін берілуде. Республика көлемінде көктем мен жыл басталуына орай ізгі тілектер айтылып, мерекелік шаралар қарқынды өтіп жатыр.
Бүгінгі атаулы күнде «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұжымы ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптеу мақсатында Тұсаукесер рәсімін өткізді. Сан ғасырлық тарихы бар бұл дәстүр – әр әулет үшін үлкен мереке. Іс-шара аясында мекеменің бас қор сақтаушысы, көпбалалы ана Ұлболсын Әлімханова Тараз қаласының кішкентай тұрғыны Амира Еркебұланқызының тұсауын кесіп, үлкен өмірге қадам басуына ақжарма тілегін білдірді.
Тұсаукесер – қазақ халқының ұлы дәстүрлерінің бірі. Көне заманнан бүгінге дейін жеткен бұл ғұрып сәбидің тез аяққа тұрып, нық жүруін тілеген ниеттен туған. Әдетте тұсаукесер рәсімі бала алғашқы қадамдарын жасағанда, көбінесе сәби жасқа толған кезде өтеді. Кейбір тарихи деректерге сүйенсек, бұл дәстүрдің тамыры тереңде, тәңірлік дәуірден бастау алады.
Қазақ халқы сан ғасырлық сынақтан өтсе де, өз салт-дәстүрлерінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Ұлттық болмысты айшықтайтын бабалар мұрасы көз қарашығындай сақталып, келер ұрпақтың жадына сіңірілуі тиіс. Наурызнама онкүндігінің жалпыхалықтық сипатқа ие болуының мәні де – осында.
Ұлт мәдениеті мен руханияты жасай берсін!