Тұңғыш Президент күні мерекесінің мәртебесі өзгермек
Тұңғыш Президент күні мерекесінің мәртебесі өзгермек
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қоғамдық жоғары маңызы бар өзге даталармен қатар мерекеленуі мүмкін. Мұндай ұсыныс ашық талқыға шығарылған Үкімет қаулысында көрсетілген. «Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 23 маусымдағы № 22-32-18/22-2447-5 қбп тапсырмасын орындау мақсатында, онда 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастап, Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс күні және қоғамдық маңызы жоғары әлеуеті бар өзге де күндер сияқты мерекелеуді айқындау ұсынылады», - делінген қаулы жобасында. Құжат Ашық НҚА сайтында 3 қарашаға дейін талқыланады. Еске салайық, 7 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастауға бағытталған заң жобасын мақұлдаған болатын. Айта кетейік, бұған дейін 1 желтоқсан мемлекеттік мереке ретінде тойланып келді және осы күні қазақстандықтарға демалыс берілетін.