Жаңалықтар
Тәжірибелі тіс дәрігерлерінің көбі табысынан айырылып, кейбірі жұмыссыз қалуы мүмкін
- авторjambylinfo.kz
- 16 наурыз, 2023
- 415
Тәжірибелі тіс дәрігерлерінің көбі табысынан айырылып, кейбірі жұмыссыз қалуы мүмкін
Көп жылдар бойы осы салада қызмет етіп келе жатқан мамандар осылай деп дабыл қағуда, деп хабарлайды 31 арна тілшісі. Себебі, стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастырудың жаңа стандарттарына сәйкес орта кәсіптік білімі бар тіс дәрігерлері мен дантистер күрделі стоматологиялық қызметтерді көрсете алмайды. Бұл өз кезегінде маман тапшылығына әкеліп, халық мамандарға айлап кезек күтуге мәжбүр болады дейді. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бұл медициналық қызмет сапасын арттыру үшін қажет деп отыр. Өйткені тұрғындар тарапынан көптеген жекеменшік стоматологиялық емханаларға қатысты шағымдар көбейген. Тіс дәрігерлері мен дантистердің қызметін шектейтін жаңа стандартқа қарсы шыққандардың бірі - Ольга Бойко. Оның айтуынша, бұдан былай орта кәсіптік білімі бар тіс дәрігерлері күрделі стоматологиялық қызметпен айналыса алмайды. Ал дантистер тіптен, жұмыссыз қалуы мүмкін дейді. Екінші жағынан бұл медицина қызметкерлерінің құқығын шектеу екенін айтады. ОЛЬГА БОЙКО, Стоматологиялық емхана басшысы: – Үлкен қалаларда стоматологтар тапшылығы болмауы мүмкін. Бірақ облыс орталықтарында, елдімекендерде жоғары білімі бар мамандар өте аз. Соның салдарынан көптеген қызметтер халыққа қолжетімсіз болады. Тұрғындарда айлап кезек күтуге мәжбүрлік туындайды. Ал Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұл стоматологиялық қызмет сапасын арттыру үшін маңызды. Жаңа стандартта кімнің қандай қызметпен айналысу керектігі нақты көрсетіледі. Ал дантистер мен тіс дәрігерлері жұмыссыз қалады деген жаңсақ пікір дейді. Тіс дәрігерлері мен дантистер құрттаған тісті емдеу мен тіс жұлу сияқты жеңіл қызметтерді көрсете алады. Ал ең бастысы тіс ауруының алдын алу жұмыстарын жүргізу керек дейді. НАЗЫМ БЕКТҰРҒАНОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас тіс дәрігері: – Халық тісті емдеуге емес аурудың алдын алуға келу керек. Бұл дантистердің міндеті. Ал шағын бизнесті тексеруге тыйым салынғандықтан кейбір емханалар осы жағдайды пайдаланады. Дантистер күрделі стоматологиялық қызмет көрсетеді. Бұл дұрыс емес. Бұл медбикені жүрек ауруынан ота жасауға жібергенмен бірдей. Сондықтан әр маман өз жұмысымен айналысуы тиіс. Ал кейбір сарапшылардың сөзінше, жоғары білімі бар стоматологтардың саны тым аз болғандықтан олардың жүктемесі де артады. Ал бұл өз кезегінде стоматологиялық қызмет түрлерінің қымбаттауына әкелуі мүмкін. Бірақ көпшілік қалай да сапалы қызмет көрсететін білікті мамандардың көмегіне жүгінгенді дұрыс санайды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Еңбек биржасында кімге 900 мың теңге жалақы ұсынылды
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді
- авторСадуақас Айсұлу
- 23 желтоқсан, 2024