Талас ауданындағы Ақкөл ауылы көгілдір отынға қосылды
- авторjambylinfo.kz
- 24 ақпан, 2024
- 720
Жалпы тұрғыны 2 мыңнан асатын елді мекенге газ құбырын жүргізуге 396 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Өткен жылы Жамбыл облысында елді мекендерді газбен қамтамасыз ету үшін 11,8 млрд теңгеге 11 жоба іске асырылған. Осылай деген өңір басшысы облыста көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 91 пайызға жеткенін айтты. Сондай-ақ тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтады. Ербол Қарашөкеев бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасатынын жеткізді.
Биыл 11 елді мекенде тұратын 17мың халықты газбен қамтуды жоспарлап отырмыз. Осылайша облыста газға қолжетімділік 92 пайызға жетеді. Аталған жоспарды іске асыру үшін барлық шаралар қабылданатын болады,- деді Ербол Қарашөкеев
Өткен айда Талас ауданындағы Қызыләуіт пен Ақтөбе ауылдары көгілдір отынға қол жеткізген. Жауаптылардың айтуынша, жалпы 3 елді мекенге газ жүйесін тарту жобасының құны – 2 млрд. 313,6 млн. теңгені құраған.
Мердігер «ТаразСтрой-2004» ЖШС құрылысты уақытылы аяқтап отыр. Ауыл әкімі берген мәліметке сүйенсек, жүргізілген газ құбырының жалпы ұзындығы 27 шақырымнан асады.
Айта кету керек, бүгінгі газ беріліп отырған Ақкөл ауылында 411 үй газбен қамтылып үлгерді. Салтанатты шарада Ақкөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Досбол Туғанбаев ауыл халқының атынан ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз