Талас ауданындағы Ақкөл ауылы көгілдір отынға қосылды
Салтанатты шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты
Жалпы тұрғыны 2 мыңнан асатын елді мекенге газ құбырын жүргізуге 396 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Өткен жылы Жамбыл облысында елді мекендерді газбен қамтамасыз ету үшін 11,8 млрд теңгеге 11 жоба іске асырылған. Осылай деген өңір басшысы облыста көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 91 пайызға жеткенін айтты. Сондай-ақ тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтады. Ербол Қарашөкеев бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасатынын жеткізді.
Өткен айда Талас ауданындағы Қызыләуіт пен Ақтөбе ауылдары көгілдір отынға қол жеткізген. Жауаптылардың айтуынша, жалпы 3 елді мекенге газ жүйесін тарту жобасының құны – 2 млрд. 313,6 млн. теңгені құраған.
Мердігер «ТаразСтрой-2004» ЖШС құрылысты уақытылы аяқтап отыр. Ауыл әкімі берген мәліметке сүйенсек, жүргізілген газ құбырының жалпы ұзындығы 27 шақырымнан асады.
Айта кету керек, бүгінгі газ беріліп отырған Ақкөл ауылында 411 үй газбен қамтылып үлгерді. Салтанатты шарада Ақкөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Досбол Туғанбаев ауыл халқының атынан ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.