жұма, 22 қараша, 2024 10:01

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таласта мал шаруашылығы қарқынды дамуда

Таласта мал шаруашылығы қарқынды дамуда
ашық дереккөз
Қашанда ауыл тұрғындарының тіршілігі мал шаруашылығымен тікелей байланысты. Ал, қазір мал өсірудің жаңаша тәсілдері, асылдандыру бағыттары мықтап қолға алынуда. Бұрынғыдай бір отар қойды алдыңа салып бағып жүре беретін уақыт өткен. Қазіргі талап сол бағып отырған малыңнан түсер табыс қандай, асылдандыру бойынша қандай жұмыс жүргізуге болады деген сауалдарға жауап іздеу. Бұл талаптың үдесінен жері шөлейтті таластықтар да шығып отыр.

Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 21 138,1 миллион теңгені құрапты. Нәтижесінде мүйізді ірі қара саны – 31 426, қой мен ешкі – 347511, жылқы – 14536, түйе – 2 226, үй құстары – 40750 басты құраған. Барлық мал мен құстың түрінен өсім бар. Былтыр 13311 тонна ет, 8706 тонна сүт өндірілген.

Төрт түлік мал өсірген соң, оның азығына да көңіл бөлу өте маңызды. Былтыр 14 206 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, 1 453 гектар пар дайындалды. Яғни, барлық егістік жердің 74 пайызы игерілген. Оның ішінде, күздік бидай 5 000 гектар және көпжылдық шөп 5 573 гектарды құрайды. Биыл да мал азығын дайындау бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласын қаржылай қолдау аса маңызды. Сондықтан, мемлекет тарапынан қарастырылған қолжетімді бағдарламалар бар. Мәселен, «Кең дала» несиелік бағдарламасы бойынша Бостандық ауылдық округінен «Жаңалық» шаруа қожалығы 3,7 миллион теңге, «Демеш» шаруа қожалығы 8,4 миллион теңге қаржы алыпты.

«Жаңалық» өндірістік коопертивінің төрағасы Жомарт Айғаревтың айтуынша, кооперативке 19 миллион 700 мың теңгеге қосымша жаңа трактор, 44 миллион теңгеге лазермен жердің тегістігін бақылау құралы сатып алған. Құны 44 миллион болғанымен, аталған құралмен тегістелген жерге су бірыңғай түгел, қиындықсыз жайылады. Алқаптан алынған мол өнім барлық шығынды ақтайды. Мәселен, лазерлік аппаратпен тегістелген осынау алқап арық суымен суарылуда. Жаңа құрылғының жемісін «Айтбек», «Малдыбай» шаруа қожалықтары да сезініп отыр.

Бостандық ауылдық округіндегі «Шәріпбай» шаруа қожалығының жұмысы да берекелі. Бұл шаруа қожалық биыл 20 гектарға қант қызылшасын тамшылатып суару бойынша екен. Тамшылатып суару қондырғысын 23 миллион теңгеге сатып алыпты. Дегенмен, шаруалар шығынның ақталып, жұмыстары алға басатынына бек сенімді.

Ақкөл ауылдық округіндегі Есенкүл Қожамсейітова басқаратын «Мақсат» шаруа қожалығы 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 5 миллион 700 мың теңге несие алған. Ол қаржыға екі қазақтың ақ бас сиырын және 35 жергілікті мүйізді ірі қараны сатып алды. Мал басын асылдандыру мақсатында ангус тұқымды төрт бұқа мен сиыр алған. Қазір ангус тұқымды сиырының саны жүзге жетті. Ангустың бір жасар танасының өзі 350 мың теңге тұрады екен. Одан бөлек бұл шаруа қожалықта 15 түйе, 50 жылқы, 500 уақ мал бар. Сол секілді «Тауықбазда» да жасалып жатқан тірлік ірі. Осыдан 10 жыл бұрын бұл Ормановтар әулеті «Тауықбаздан» сегіз бөлмелі зәулім үй салды. Бұл әулет төрт түлікті өз төлінен өсіруде. Оның барлығы балалары мен немерелерін еңбекке баулу, елдің экономикасына үлес қосу мақсатында жасалып отыр.

Ал, өңірімізде 2019 жылы бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы былтыр Ойық ауылдық округінде іске асырылып, барлық бес бағыт бойынша 113 жобаға 643,09 миллион теңге қаражат алынды. Ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану бойынша бүгінгі күнге барлығы 112 ауыл тұрғынына несие келісімі беріліп, жалпы соммасы 554 миллион 140 мың теңге қаржы беріліп, 4 685 бас мал сатып алыныпты. Оның ішінде, 2592 мал ауылы аралас, қойы қоралас көршілес Алматы, Түркістан облыстарынан сатып алынғандықтан, жерсініп кетеріне сенім мол. Осылайша, аталған округте мал басы 114 пайызға өскен. Төрт бағыт бойынша «Ойық Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, Мақсат Кожатаев деген іскер азамат басқарып отыр.

Ал, «Ойық Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жайылымдық жері – 955,84 гектар, егістік – 147,91 гектар, шабындық – 579,98 гектар, яғни барлығы 1 683,73 гектарды құраған. төрт тракторды 53 миллион 720 мың теңге қаржыға сатып алды. Сондай-ақ, тұрғындардың өз кәсібін ашу бойынша көлік жөндеу қызметі, көлікті өзін-өзі жуу жобасы қолдау тауып, 3 миллион 950 мың теңге қаржысын алып, қазіргі таңда толық іске қосылыпты. Бір сөзбен айтқанда, Ойық ауылдық округіндегі жұмыс ойдағыдай.

2024 жылдың өнімі үшін барлығы 14 360 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, 1 400 гектар пар дайындалған. Осылайша, мақсары 50 гектарға, көкөніс 39 гектарға және көпжылдық шөп 20 гектарға ұлғайыпты.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярхан:

«Соңғы жылдары 417,8 миллион теңгеге 100 ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Оның ішінде, 252,4 миллион теңгеге 22 трактор, 165,8 миллион теңгеге 78 бірлік басқа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған. Жоспар 12,5 пайызға артық орындалып отыр. Алдағы уақытта да табысты жұмыстар жалғасын табады», – деді.

«Ауыл аманаты» – ауыл әлеуетін арттыруға арналған жоба. Қазіргі уақытта бұл жоба Талас ауданының Бостандық, Берікқара, Аққұм, Ақкөл және С.Шәкіров ауылдық округтерінде іске асырылуда. Келешекте жоба Таластағы 13 ауылдық округті тегіс қамтитын болады. Бұл қадам аталған ауылдардың еңсе тіктеп, істері алға басуына оң әсер ететіні анық.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар