Тараз қаласының аумағын кеңейтіп, әкімшілік аудандарға бөлу мәселесі қарастырылып жатыр
Тараз қаласының аумағын кеңейтіп, әкімшілік аудандарға бөлу мәселесі қарастырылып жатыр
Жамбыл облысы әкімдігінде Тараз қаласын дамытудың жаңа бас жоспары талқыланды.
Қала аумағын кеңейту мақсатында облыс орталығына 14 елді мекен мен Байзақ және Жамбыл аудандарының екі саяжай массивін қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Байзақ ауданында орналасқан Красная Звезда, Талас ауылдары, «Талас» теміржол станциясы бар. Ал, Жамбыл ауданынан Шайқорық, Танты, Қоңыртөбе, Ақбұлым, Кемел, Түрксіб, Пригородное, Жалпақтөбе, Қызылшарық, Бектөбе ауылдары, «Шайқорық» станциясы қала аумағына қосылмақ. Бас жоспарға түзетулер енгізілген жағдайда 44 551 ауыл тұрғыны облыс орталығының тұрғынына айналады. Тараз халқының саны 408 235 болып, қала аумағы 11 755 гектарға ұлғайып, 30 542 гектарға жетеді. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» Заңның 2-бабы 5-тармағы негізінде және халық санының 400 мыңнан асуына байланысты бас жоспарға енгізілетін түзетулер аясында қаланың әкімшілік аудандары мен олардың шекараларын бөлу ұсынылады», - деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков. Жобаның мақсаты – автокөлік жолдары мен қоғамдық кеңістікті қолайлы ету, экономикалық құрамдас бөлікті және қала шаруашылығын басқару тетігін жетілдіру арқылы тұрғындарға жайлы жағдай жасау. Осы орайда, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов суару жүйелері, инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталып, Таразды дамытуға қатысты сарапталған барлық деректер есепке алынуы қажеттігін айтты. Сәулетші Арман Әбдешов Бас жоспарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды жобалау ұйымы қабылдап, облыс әкімдігінің тиісті басқармаларынан келісім алғанын атап өтті. Енді Бас жоспарға енгізілетін өзгерістер жобасы Жамбыл облыстық және Тараз қалалық мәслихаттарында қаралған соң сараптамаға, арықарай Үкіметтің бекітуіне жіберіледі. Айта кетсек, облыс орталығының әкімшілік шекарасын өзгерткен Тараз қаласының қазіргі бас жоспары 2010 жылы бекітілген және халық санының өсуі мен көлік ағынының ұлғаюы ескеріле отырып, 2025 жылға дейін есептелген. Сол кезде жақын аудандардағы 6 мың гектарға жуық жер қала аумағына енгізілді. Шаһар солтүстік-батыс бағытта кеңейіп, Талас өзенінің жағалау бөлігі қала аумағына қосылып, осы жерде рекреациялық аймақ құрылады деп жоспарланған. Сонымен қатар, 462 га жерге 14 және 15-шағын аудандарды орналастырып, онда 355 шаршы метр болатын жаңа әрі заманауи көпқабатты үйлер мен тиісті инфрақұрылым салу көзделді. Қазір Таразда 364 мыңнан астам адам тұрады, бұл – Жамбыл облысы халқының үштен біріне жуығы. Халық саны бойынша қала республикада Алматы, Қарағанды, Шымкент және Астанадан кейін бесінші орында. Биылғы шілде айында қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімі «Тараз қаласының бас жоспарына түзету енгізу» жобасының қаралатынын жариялаған болатын. Кез келген қала тұрғыны екі апта ішінде қалалық Мәдениет үйінде бас жоспар жобасымен танысып, өз ойларын ұсына алды. Азаматтардың пікірлері мен ұсыныстары жаңа бас жоспардың жобалау сызбасына енгізілді.