Жаңалықтар

Таразда Асанәлі Әшімовтің шығармашылық орталығы ашылады

Таразда Асанәлі Әшімовтің шығармашылық орталығы ашылады

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жамбылдық журналистер қауымымен кездесу өткізді. Басқосу барысында Бақытжан Әмірбекұлы алдағы жылдары облыс орталығында бірқатар мәдениет нысандарын пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді. – 2023 жылы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Асанәлі Әшімовтің шығармашылық орталығы салынады. «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніндегі «Көне қамалдың» үшінші кезеңі іске асырылады. Бұдан бөлек, 2024 жылы «Құмшағал» тұрғын алқабында 180 орындық қалалық мәдениет үйі пайдалануға беріледі. 2023-2025 жылдары 14-ші шағын ауданда 1 300 орынға арналған орталық концерт залы салынады. Тараз қаласы дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгені белгілі. Бүгінгі таңда қаламызда 76 қолөнерші 8 бағыт бойынша жұмыс істейді. Алдағы кезеңде осы саланы дамыту мақсатында қолөнер орталығы ашылады, – деді қала әкімі өз сөзінде. Бұдан бөлек, 2023 жылы саябақтарды жандандыру мақсатында «Жеңіс», «Қайрат Рысқұлбеков», «Шахристан», «Арбат» және «Үшбұлақ» демалыс орындарында гүлзарлар алаңы, демалыс аумағы, велосипедтер, скутерлер айдайтын арнайы алаң, дүңгіршектер, заманауи үлгідегі атракциондар салынбақ.