Таразда «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме-байқауы өтті
Таразда «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме-байқауы өтті
Бұл күні «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында азық-түлік, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы мен құрылыс индустриясында өзіндік орны бар 82 тауар өндіруші өз экспозицияларын ұсынды. Олардың қатарында мүйізі қарағайдай ірі компаниялармен қоса шағын және орта бизнес өкілдері де болды. Өңірде осымен сегізінші рет ұйымдастырылған байқаудың ашылу салтанатында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сөз сөйлеп, кәсіпкерлерге табыс тіледі.
Өңір басшысы бастап, қала тұрғындары отандық өнімдер қаз-қатар тізілген көрмені аралап, нарыққа жаңадан енген әрі сұраныс жоғары өнім өндіруді қолға алған кәсіпкерлерге тәнті болды. Шынтуайтында, байқауға іріктелген 82 отандық тауар өндірушілердің қай-қайсысы да бәсекеге қабілетті. Қала берді көрмеге алғаш қатысып отырған 30-дан астам кәсіпкер де тауардың бағасы мен сапасына барынша көңіл бөлгені байқалды. Содан болар көрмені тамашалауға келген тұрғындар отандық өндірушілердің тауарына сүйсініп, сатып алып жатты. Байқауға тәуелсіз сарапшы-аудиторлар, бизнес-қауымдастық және салалық қоғамдық бірлестік өкілдерінен құралған сараптамалық комиссия төрелік етті. Олар үш номинация бойынша үздіктерді анықтады. Қазылар алқасы кәсіпкер өнімдерінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігіне баса назар аударған. Сонымен «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясында үздік атанған «G Universal», «Novacom technology» серіктестігі мен жеке кәсіпкер «Алатау групп» қожайындарын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов марапаттап, арнайы сыйлықтар тарту етті. Сол секілді «Халық тұтынатын үздік тауар» номициясы бойынша «Паритет 2014», «Izgi is Qordai» серіктестігі және жеке кәсіпкер «Повстянко» озық шықты. Оларды «Әулиеата Феникс» құс фабрикасының бас директоры Әлия Жүнісова марапаттады. Бұдан өзге «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында кәсіпкер «Eco-chicken» және «ТПК Берсанукаев», «Мерке-ет комбинаты» серіктестігі үздіктер көшін бастады. Байқауда ісін енді бастаған «Муравенко», «Абзик Моторс», «Хожагаевич» сынды кәсіпкерлер де марапаттан құр алақан қалмады. Оларға облыстық Атамекен кәсіпкерлік палатасының басшысы Еркін Атымтаев Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыстап, өңірдегі кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Қорыта айтсақ, байқауда үздіктердің ішінен қара үзіп шыққан 9 жеңімпаз жыл соңында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары-2022» республикалық байқауында бақ сынамақ. Осы күні Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдегі іскер әйелдер қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Жүздесуде аймақты дамыту бағытында келелі ұсыныстар талқыланды. Алдымен сөз алған аймақ басшысы барлық салада ерлермен иық тіресе еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік дамуына ерекше үлес қосып жүрген әйелдер қауымының орны ерекше екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ өңір басшысы түрлі салада табанды еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың еңбегін жоғары бағалап, өңірді өркендету бағытындағы алға қойған мақсат-міндеттерді бірге орындауға шақырды. Кездесу барысында кәсіпкер әйелдер облыс әкімімен бірге өңірдегі бизнесті дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.