Таразда Халықаралық конференция өтті
Таразда Атлах шайқасының 1270 жылдығына және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған «Қазақ даласына Исламның келуі» атты халықаралық ғылыми-танымдық онлайн-конференция өтті. Маңызды жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасының орынбасары Хомиджан Ишманбетов, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының Аппарат басшысы Раушан Иратов, еліміздің тарихшылары мен ғалымдары, отандық және шетелдік оқу орындарының профессорлары, шығыстанушылар қатысты.
751 жылы Таразға жақын жердегі Атлах қаласының маңында болған Араб-Қытай шайқасын тарихшылар өркениеттер қақтығысы деп бағалайды. Арабтардың жеңісі Орталық Азиядағы мұсылман мәдениетінің таралуына өз әсерін тигізген. Кейіннен ол түркі өнерінің дамуына, атап айтқанда, қалалық мәдениет пен сәулет өнеріне де ықпал ете білді. Тарихшылар Талас өзені бойындағы шайқастың нәтижесіне жергілікті халықтың да әсері бар екенін жоққа шығармайды.
Жиын Алланың кәләмі Құран оқумен басталып, «Атлах – Талас шайқасы немесе әлемдік өркениет дамуына жол ашқан ұлы жеңіс» тақырыбындағы бейнероликпен жалғасын тапты.
Бердібек Машбекұлы Түркі халықтарының тарихында айрықша маңызға ие болған «Атлах» шайқасы Әулиеата жерінде өткенін айта келе, басты міндет – жас ұрпаққа осы шайқастың тарихи құндылығын ұғындыру екенін жеткізді. Жастар өздері тұратын өлкеде қандай тарихи оқиғалардың орын алғанынан біліп жүруі керек. «Тойдың тамашасын емес, тағылымын бақ» дегендей, атаулы даталар бізге мерекелік шаралардан бұрын, ата-бабаларымыздың бай мұрасын тереңірек зерттеп, тағылымын тани түсуге барынша мүмкіндік беретін орайлы сәт. Осыған айрықша назар аударуға тиіспіз, - деді өңір басшысы. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да негізгі мақсат-мазмұны осы оймен өзектесетінін тілге тиек етіп, сол арқылы біз мәдениетімізді, көптен бері ұмытылып бара жатқан дәстүрлерімізді жаңғырта бастағанымызды ерекше атап өтті.
Аймақ басшысы ұлттық құндылықтардың дамуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да қосып отырған үлесіне де тоқталып, Бас мүфтиге Наурызбай қажы Тағанұлына өз алғысын білдірді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала