Жаңалықтар

Тараздағы ұлттық ұлан сарбаздары жыл басынан бері шамамен 300-ден астам тәртіпсіздіктің алдын алған

5513 әскери бөлімінде 278 жауынгер әскери борышын өтеп жүр

Тараздағы ұлттық ұлан сарбаздары жыл басынан бері шамамен 300-ден астам тәртіпсіздіктің алдын алған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Мереке қарсаңында облыс тұрғындары тыныштығын күзетіп, қырағы қызметте жүрген жауынгерлердің өмірімен жақынырақ таныспақ ниетпен келген бізді 5513 әскери бөлімі атқыштар батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Нұрсұлтан Рахымбай күтіп алды. Нұрсұлтан Қайратұлының айтуынша, аталмыш бөлім сарбаздарының негізгі міндеті – түзеу мекемелерін қарауылдау. Батальон сарбаздары Тараз қаласында орналасқан облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты 3 түзеу мекемесін күзетеді. Бірі – қатаң түрдегі, екіншісі – орташа деңгейлі, үшіншісі – өндірістік аймақ. Сондай-ақ жауынгерлер осы мекемедегі сотталғандардың мінез-құлқын бақылау және қадағалау бойынша қызметтерді атқарады.

Құқықбұзушылықтың алдын алған үздік әскерилердің суреті ілініп тұрған Құрмет тақтасына назар аударып едік, атқыштар ротасында ең шыдамды, психологиялық тұрғыдан тегеурінді сарбаздар қызмет атқаратынына көзіміз жетті. Айтуға ғана оңай болғанымен қарауыл қызметі ерекше күрделі қызмет түрі саналады. Күрделі аумақтарда қызмет атқаратын сарбаздар киімдерін реттеп, қаруларына күтім көрсетіп, әртүрлі нұсқаулықтардан өтіп барып қарауыл қызметіне түседі. Бұл жерде ең бірінші кезекте тәрбие жұмысына мән беріледі. Нұсқамалық сабақтарда Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қызметке дайындығы тексеріледі. Бұл теориялық және практикалық бағытта өрбиді. Теориялық нұсқаулық сабағында заңбұзушылық әрекеттері болып табылатын ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің және ҚР Қылмыстық кодексінің баптары айтылады. Ал практикалық нұсқаулық сабағында сарбаздар дене шынықтырады. Заң бұзу, қылмыс жасаумен шектелмей, қарсылық білдірген азаматтарды құрықтау кезінде қолданатын әрекеттерді үйренеді. Заң бұзушыны құрықтаған соң құжат рәсімдеу, оны ІІД қызметкерлеріне тапсыру сынды жұмыстар төңірегінде де өрбиді.

Қалыптасқан дәстүр бойынша, ең алдымен, сарбаздар медициналық тексерістен, түстен кейін нұсқаулықтан өткеннен кейін ғана жауынгерлік қызметке аттанады. Батылдықты қажет ететін мұндай қызметте жауынгердің ішкі рухы мығым болған маңызды. Ауырып тұрғандар, қандай да бір себептермен қызмет атқара алмайтын сарбаздар қарауыл қызметінен шеттетіледі. Алайда бөлімде әзірге ондай жағдайлар орын алмаған. Қуантқаны, батальондағы сарбаздардың барлығы да қазақстандық патриотизм рухында тәрбиеленуде. Ең бастысы, жауынгерлердің ішкі рухы мығым.

Бүгін батыр бабаларымыздың ғасырлар бойы азаттық, еркіндік деп аңсаған арманы орындалған – егемендіктің жарияланған күні. Сондықтан да 25 қазанда атап өтілетін Қазақстанның Республика күні – ел тарихындағы маңызды да мәртебелі ұлы мереке болып саналады. Бұл күн Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуі мен мемлекеттік тәуелсіздікті нығайтудағы алғашқы қадамдарын бейнелейді.

Егеменді мемлекеттің қауіпсіздігіне жауапты оның ажырамас бөлігінің бірі – өзінің Қарулы Күштері екені анық. Өткен ғасырларда да жауынгерлер елдің тірегі бола білді. Тәуелсіз елде халықтың бейбіт, бақытты өмір сүруі әскерінің өз жерін жауларынан қорғай алуына байланысты.

Еліміз өз тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап бүгінгі күнге дейін үздіксіз дамып келеді. Ең алдымен тәуелсіз мемлекеттің шекарасы бекітілді. Егемендігімізге қол жеткізгеннен кейін көп ұзамай, 1992 жылдың 10 қаңтарында елдегі тыныштықты күзету мақсатында ҚР Ұлттық ұланы құрылды. Ал биыл еліміздің қорғаны бола білген ұландықтарға 32 жыл толып отыр.

Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеу – кез келген азаматқа беріле бермейтін мүмкіндік. Сайдың тасындай іріктелген ер-азаматтар ғана Ұлттық ұлан қатарында сап түзей алады. Ұландықтарға жүктелген басты міндет – ел тыныштығын күзету. Жақында ұлттық мереке қарсаңында ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімі атқыштар батальонында болып, қатаң тәртіпті ұстанған жас сарбаздар өздеріне жүктелген тапсырманы қалай орындайтынына куә болған едік.

Айта кетсек, аталған бөлім отырған ғимарат былтыр жыл басында сол кездегі облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің бастамасымен күрделі жөндеуден өткен болатын. Іргесі 1979 жылы қаланған нысанды 2022 жылы қайта жаңғыртуға облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы тапсырыс берген. Бүгінде атқыштар батальонының жеке құрамы жаңғыртудан өткен еңселі ғимаратта қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып келеді.