Жаңалықтар

Тараздағы орталық алаңда «Ар ма,  Әз-Наурыз»  атты мерекелік шара өтті

Салтанатты шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен шетелдік қонақтар арнайы қатысты. Алаңда 10-нан аса түрлі тақырыпты қамтыған киіз үй тігіліп, жиылғандар саятшылық өнер мен ұлттық спорт жарыстарын тамашалады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Мерекенің салтанаты кіре беріс қақпадан басталды. Қазақтың жеті қазынасын танытқан қос батыр мен әжелер ансамбльі келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Жиынның ашылуында 80 аттылы хронологиялық көш жүріп өтті. Жиынға арнайы қатысқан облыс әкімі өңір жұртын келіп жеткен мерекемен құттықтады.

Этно-ауыл сипатындағы аумақта қолөнершілер алаңы орналасқан. Сондай-ақ,  10-нан аса киіз үй тігілсе, бұдан бөлек,  алтыбақан, тамақтану, ұлттық ойындар, саябақ ішіндегі сурет алаңдары қамтылған. Мерекелік шарада Топжарған этно-мәдени орталығының мамандары теңге ілу, жамбы ату, аттан құлау, атты құлату трюктарын көрсетіп, елдің ерекше ықыласына бөленді. Қазақстанда тұңғыш рет түйе үстінде жамбы атудан рекорд орнатып гиннестің рекордтар кітабына кірген 19 жастағы Аружан Амангелдіқызы да жиылған жұрт алдында өнерін паш етті. Сонымен қатар, мерекелік концерт қойылып, онда эстрада жұлдыздары ән шырқады. Атап айтқанда, Ернар Айдар, Алатау серілері тобы, Наркенже Серікбаева сынды өнер иелері көне шаһардың көгін әнмен әуелетті.

Jambylinfo.kz

Ұлыстың ұлы күнін тойлап жатқан қала тұрғындары да қазақы әдет-ғұрыпты жаңғыртып, ұлттық киімдерін киіп, мерекелік шараның жоғары деңгейде өтуіне ат салысты. Орталық алаңға жиылған халықтың қарасы қалың болды.