Таразда ұңғылардың цементтелу сапасын арттыруға бағытталған ғылыми зертхана ашылды
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Ғылым және коммерцияландыру департаментінің ұйымдастыруымен «А.С.Ахметов атындағы наноинженерлік зерттеу әдістері» инженерлік бейіндегі ғылыми-зерттеу зертханасындағы «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы ашылды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Мұнай-газ, кен орындарындағы ұңғылардың цементтелу сапасын арттыруға бағытталған зертхана Ғылым қызметкерлері күніне орай әрі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру аясында ашылған.
Ал университет ректоры Мұхтар Қазбекұлы сұранысқа ие жобалардың еліміздің әр өңірінде ашылып жатқанын айтып, Мемлекет басшысының жас ғалымдарды қолдауды тапсырғанын атап өтті.
Қазіргі таңда зертханада докторанттар мен магистранттар, бакалаврлар білім алып, зерттеулерін жүргізіп, ғылыммен айналасып жатыр. Бұл зертхана еліміздегі мұнай-газ саласындағы ұңғымаларды бұрғылау және бекіту кезіндегі мәселелерді шешумен айналысады деп күтіліп отыр.
Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымды барынша дамытуды тапсырған еді. Ол алдымен Ғылым мен жоғары білім министрлігінің құрылуына бастамашы болып, Қазақстан Республикасы Перзидентінің жанындағы ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесті құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Әрі Президент тапсырмасына орай Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде ғалымдардың жалақысы өскенін айта келе, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыруды тапсырғанын айтқан еді.