Жаңалықтар

Тараздық мұғалім қалай әлемге танылды?

Тараздық мұғалім физика сабақтарын TikTok-та түсіндіру арқылы әлемге танымал болды

Тараз қаласында физика пәнінің мұғалімі TikTok платформасында "Орталық Азиядағы креативті контент иесі" атанды. Мейірлан Жусанбаев физикалық заңдылықтарды оқушыларға тәжірибе жасау арқылы жеңіл тілде түсіндіреді. Қазір желіге жүктеген бейнелері миллиондаған қаралым жинаған, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz. 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.

Мейірлан Жусанбаев ұстаздық салада 13 жыл бойы еңбек етеді. Қазір сабақты құр теориямен оқушының санасына сіңіруден нәтиже жоқ дейді ол. Осыған байланысты 4 жыл бұрын тың тәсілге бет бұрған.

Физикалық формулаларға зертханалық әдіс жасап, түрлі заңды балаларға тірідей көрсетіп бастаған. Мұндай әдіс оқушылардың қызығушылығын оятып, қабілетін дамытқан.

Жас мұғалім 120-ға жуық тәжірибе жасап, бәрін таспаға түсіріп, желіге жүктеген. Қазір оның бейнесабақтары 6 млннан астам қаралым жинады. Тәжірибелері әлемдік деңгейде әдістемелік құралға айналып барады. Қиын пәнді формуламен емес, мысалмен үйреткен мұғалімнің сабағына оқушылар да қызыға қатысады.

Ұстаздарға шәкірттері де дән риза. 

Мысалы Жанайым Сембекова есімді оқушы сабақтар өте қызық өтетінін, түрлі эксперименттер жасалатынын, сол арқылы оқушылардың физика пәніне  қызығушылығы оянғанын айтса, тағы бір оқушы Медина Әбдіхамит ұстазының арқасында олимпиададан бірінші орын алғанын айтты. 

Мейірлан 800-ден аса оқушыны физикаға баулыған. Бір қызығы, солардың жартысы осы бағытты мамандық ретінде таңдапты.

2024-те TikTok желісінде білім бағыты бойынша "Орталық Азиядағы үздік креативті контент иесі" деген марапат алды.

Сонымен қоса "Қазақстан мұғалімі" ұлттық сыйлығын иемденді. Ендігі мақсаты - "Әлем мұғалімі" байқауында бақ сынау.