дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 8:38

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тектұрмас кесенесі

Тектұрмас кесенесі
Фото ашық дереккөз
Көне Тараз шаһары жайында тарихтың ақтаңдақ беттерінде де, ел ішінде де айтылып жүрген аңыз-әңгіме көп. Әсіресе, тарихи орындар туралы таңдай қақтырарлық деректер аз емес. Міне, сондай аңызы мен ақиқаты астасқан ескерт­кіштердің бірі – «Тектұрмас» кесенесі.

Түгелдей қирап, қайта жаңғырған кесене

Тектұрмас кесенесі – Тараз қаласы­ның оңтүстік-шығысында, Талас өзені­нің оң жағалауында орналасқан XIV ға­сырға тән сәулет ескерткіші. Кесененің ең алғашқы сәулетшісі мен құрылысшысы хақында осы таңға дейін бірде-бір дерек жоқ. Тек кесене күйдірілген кірпіштен салынғаны белгілі. Кесене бұрышы пилястрмен аяқталып, қабырғаларында сылақ іздері сақталған. Ресей зерттеушісі Галина Пугаченкова кесенені XIV ға­сырға жатқызып,  «Тектұрмас» сөзін орыс тіліне аударып, «тау жай тұрмайды» деген ұғым береді» деген байлам жасаған.  

Кесене Сұлтан Махмұдханның жер­лен­ген орны болып саналады. Бір дерек­терде Сұлтан Махмұдхан әулие ретінде баяндалса, енді бір жазбаларда Қараханид әскерінің  бас қолбасшысы ретінде суреттеледі. Бір анығы, ол Ислам дінінің таралуына үлкен үлес қосқан тұлға.

ХІХ ғасырдың соңында кесенені В.Кал­лаур зерттеп, 80-жылдардан қалған  жалғыз фотосуретті  анықтайды. Ал жалпы кесене 1935 жылы  толықтай қиратылып кеткен. Оның үйінділерін осы жылдары археолог Героним  Пацевич зерттеген. 

Тағы бір деректерде, кесенеге ал­ғашқы залал келген уақыт қоқандықтар­дың шабуылымен тұспа-тұс келген деседі. Сондай-ақ 1864 жылы осы маңға орыс отрядтарының зеңбіректері орна­лас­тырылып, осы қаруларды жою мақса­тында күмбез маңын жау нысанаға алған. Осылайша кесене тағы бір апатты бастан кешкен деген дерек бар. 

Десе де, 2002 жылы Тараздың 2000 жылдығына орай Амангелді Момы­шев­тің бастамасымен кесенені қалпына келтіру жұмыстары басталып, сол жылы құры­лысы аяқталды. Қайта жаңарту жұмыс­тарын жас сәулетші Нұрлыбек Бәке­ев жүргізіп,  тарихи сурет бойынша сәу­лет­тік ескерткішті қайта түлетті. 

 Сұлтанмахмұт Шах: аңыз бен ақиқат

Тарихи деректер Тектұрмастың өз заманында шариғат-ілімдерді терең меңгерген  білімді  адам болғанын айтады. Оның шын есімі – Сұлтанмахмұт Шах. Ал Тектұрмас – халықтың қойған лақап аты. Сұлтанмахмұт ел басқарған тұсында өте беймаза, үнемі бәрін өзінің бақылауында ұстап, жиі тексеріс жасап қадағалап отыратын болған екен. Содан халық «әне, тағы да тек тұрмайтын Тектұрмас келе жатыр» деп сол теңеуден ел арасында лақап аты таралып кеткен.

Бізге жеткен тағы бір аңызда Тек­тұрмас баба Ұлы Жібек жолы түйіскен жолда жатқаны айтылады. Осы маңға керуен келгенде белгісіз бір тылсым күштің әсерінен төрт түлік аяқ баспай тұрып қалады екен. Тек Құран оқып, дұға бағыштағаннан кейін барып керуен жолын жалғастыратын болған.  «Тектұр­мас» атауының шығуының тағы бір себебі – осы «текті жер» дегеннен туған деген аңыз бар.

Сұлтанмахмұт Шах  жеті жасында жер астындағы мектепте атасынан діни сауатын ашқан. Қараңғы түнекте, шамның жарығымен Исламның ереже-қағидаларын санасына сіңірген бала алған тәлімін текке кетірмей, халық кәдесіне жаратады.  Ол алғашында емшілікпен танылады. Алдына келген ауру адамдар бірден-ақ сауығып, тіпті қиын, емі жоқ дерттерден де айыққан. Жұқпалы саналатын өкпе ауруы, алапес сияқты кеселдердің тамыры кесілген. Тектұрмастың есімі осылайша елге жайылып, оның емдік қасиеті туралы аңызға бергісіз әңгімелер тарап кетеді. 

Бірде бір жас келіншек тұрмысқа ерте шықса да, жеті жыл бойы бала көтере алмапты. Барлық ем-домын жасаса да, жер-жердегі әулие-бақсыларды кезіп шықса да, аңсаған арманына жете алмай, салы суға кетеді. Бірақ Алла пендесінің шын тілегін естіп, жеті жыл, жеті ай, жеті күн дегенде бойына бала бітіреді. Ол тоғыз ай емес, жеті ай дегенде босанады. Шала туған шаранасын ерінің баскиіміне салып өсіре береді. Ол заманда күні-айы жетпей дүниеге келген баланы кесеқапқа салып жеткізетін дәстүр болған. Осы ырымды келіншек қолданып, әйтеуір баласын аман алып қалады. Жетілмей туған баласы бір жасқа келгенде жолдасы мезгілсіз қаза тауып, жесірліктің тауқы­метін  тартады. Қорасында малы, қамба­сын­да астығы, қараша үйде қоры жоқ келіншек баласымен әбден кедейшіліктің қиын күндерін басынан өткереді. Бір күні жоқтықтан ішегі түйілген  әйел жетідегі баласын үйіне тастап, сүт іздеп ауыл-аймақты аралап, дала кезіп кетеді. Тау-тасты шарлап жүріп, Тектұрмас әулиенің басына келіп қалады. Ол әулиенің бейітін көре сала білген дұғасын оқып, алақан жайып, бар ынтасымен тілек тілейді. Сөйтіп, орнынан тұрып, тауы шағылып, іздеген сүті табылмай келе жатқанда, ен далада жайылып жүрген жалғыз сиыр кезігеді. Емшегі жер сызған сиыр мөңіреп келіп, келін­шек­тің алдына тұра қалады. Қуанышы қойнына сыймаған ол қолындағы ыдысын толтырып сауып алады да, үйіне асығады. Әкелген сүтін босағаға қоя сала, бір үзім нан іздеп тағы көше кезіп кетеді. Осы кезде Қыдыр ата жылан кейпінде келіп, босағаға қойған сүтінен жеті рет ұрттаған екен. Кетіп бара жатқанда аузынан жеті тамшы тамып, сол сүт тамған жерлерге масақ өсіп шығады. Әйел бір үзім түгілі жарты үзім нан таба алмай, ұнжырғасы түсіп үйіне келгенде, масақтарды көріп, таң-тамаша болады. Әлгі масақтардан шыққан дәндерді жиып алып, оларды езіп, ұн жа­сап, жеті нан пісіреді. Ал ең таңғалар­лығы, жеті жылдан бері бір қадам жасамаған баласына қараса, аяғынан тік тұр екен. Көп ұзамай оның да дерті жазылып, жағдайы оңалады. Осылайша, Тектұрмастың әулиелігіне көзі тірісінде, дүниеден өткеннен кейінгі кесенесінің қасиеттілігіне халықтың шүбәсіз сенімі артқан. «Бар ынтасымен барған адамның тілегі қабыл болады» деген  наным осы күнге дейін жалғасып келеді. 

Жұмбағы ашылмаған жерасты жолдары

Тектұрмас кесенесінің тағы бір таңғаларлық жері – жұмбағы ашылмаған жерасты жолдары. Ел ішінде  кесененің бүйірінен пайда болған үңгірдің аузына екі жылқы, одан әрірек 300 жылқы сыйып кететін алаң бар екені айтылады. 

Ұзын дәліз көне Шахристан, Ақыртас сарайы, Талас өзенінің астымен өтіп,  Ботамойнақ шатқалы, Оңтүстік Қазақ­стан облысының Шаян елді мекені, Қыр­ғыз Алатауының көптеген үңгірі, тіпті Түркістандағы Қ.Ясауи кесе­нелерімен жалғасып жатыр деген әңгіме де бар. Алайда дәл осы жерасты жолына сан мәрте зерттеу жұмыс­тарын жүргізу туралы бастама көтерілгенімен, белгісіз себептермен аяқсыз қалуда. 

Шырақшылардың айтуынша, жерас­ты жолын зерттеу үшін жылдар бедерінде сансыз адам келген екен. Алайда бәрі үң­гір­ге кіргеннен кейін көп ұзамай айғай­лап, шошып шығатын көрінеді. Барлығының айтатыны – ұзын дәлізбен жүріп келе жатқанда алдарынан ақ нар шы­ғыпты. Бір өркешті түйе зерттеуші­лерді ары қарай өткізбей, үңгірдің қабыр­ғаларын денесімен соғып, тау-тасты үстілеріне түсірмек болған екен. Осы жағдайды көрген зерттеушілер үңгірден  қашып шығып, одан әрі қайта аяқ басып бара алмаған.

Адам айтса нанғысыз оқиға болғаны­мен, мұның шындықпен жанасатын тұсы бар секілді. Олай дейтініміз, белгілі жамбылдық спелеолог-зерттеуші Аман­тай Айзахметов өз уақытында осы жерас­ты жолдарын зерттеумен айналысқан. Соның нәтижесінде жазылған кітабында ол тас пен күйдірілген кірпіштен өрілген дуалға тап болғанын айтады. Үңгірдің төбесін зең басқан, ал айналасы қатты опырылып тұрғандықтан, зерттеушілерге барынша сақ болуға тура келген. Олар төмен түскенде ең бірінші кезекте жылқының тағасына тап болыпты. Бұл зерттеушілердің одан сайын қызығушы­лығын тудырып, ары қарай қадам басуға итермелейді.

«Мұнда көргенімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жердің астында – мүлде басқа әлем. Басқаша бояу, басқаша сезім. Тұзды бөліністерге тұнған тастар шыны әйнекпен қапталғандай ерекше түс береді. Тұңғиық тереңнен бетіңе мұздай леп еседі. Біздерге беймәлім құлаққа ұрған танадай тыныштық, көзге беймәлім қара түнек. Тек шахтерлерге арналған жарықты баскиімнің сәулесі ғана алмас қылыштай сол қара түнекті кесіп өтеді. Қорқыныш, құштарлық, белгісіздік. Қорқынышты жеңеміз, құштарлыққа ие боламыз, ал белгісіздік бізді одан ары тереңге түсіре берді. Мүлде басқа планетада жүргендей сезім. Қызыл марстық ландшафт. Иә, мұнда ауа да өзгеше, тыныстап болмайсың», – деп жазады зерттеуші кітабында.

Байқап тұрсаңыздар, зерттеушілердің жерасты жолынан алған әсерлері мен тап болған жағдайлары бір-біріне қатты ұқсайды. Барлығы бірдей басқа әлемге түсіп кеткендей күш кешкен. Бойын қорқыныш билеп, үңгірде белгісіз бір күштің барын сезген. Алайда Тектұрмас жерасты жолы туралы кітап жазылып жатса да, бұл маңға республика деңгейі­нен келіп арнайы экспедициялық зерттеу жүргізген жан жоқ. Жамбыл облысы әкімдігі Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, Тектұрмас  кесенесі астындағы жерасты жолдары арнайы қорғауға алынбапты. Алайда мұнда әркімнің кіріп-шығуына рұқсат жоқ. Жерасты жолына бастайтын үңгірдің аузы үлкен қақпамен бекітілген. Оны да күзететін адамдар бар. Бірақ археологиялық зерттеу жұмыстары не себепті жүргізілмей жатқаны белгісіз. 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар