Жаңалықтар

Тина Канделаки Қазақстанға кіргізілмейтін болды

Тина Канделаки Қазақстанға кіргізілмейтін болды

Ресейдің танымал тележұлдызы Тина Канделаки Қазақстан аумағына кіре алмауы мүмкін. Бұл туралы бүгін журналистердің сұрағына жауап берген Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды jambylinfo. Сыртқы істер министрлігінің апта сайынғы дәстүрлі брифингісінде журналистер Ресейдегі пропогандашы журналистердің бірі Тина Канделакидің Қазақстандағы орыс тіліне қатысты айтқан мәлімдемесі туралы сұрақ қойды. «Қоғам өзі енді жауап берді ғой. Бір апта (осы тақырып - агенттік) қызу талқыланды. Оған не қосайын енді? Өз есесін алды ғой. Ең өкініштісі, солай айта беретін шетел азаматына жауап бере берсек, онда өзіміздің қанша ішкі мәселесі қалып қалады. Соған көңіл бөлейік. Сырттан біреу ананы айтты, мынаны айтты деп назар аудара берсек, уақытымыз да жетпейді. Екінші өкінішті мәселе, көрші елдегі азаматтар біздің елден білмейтіні адамды кішкене өкпелетеді. Өйткені біз туралы ақпарат дұрыс емес. Біздің елге, қалай өмір сүріп жатқанымызды келіп көрсін. Ойдан шығарып жаза бергеннен енді, әлеуметтік желіде қырылысқанша өзіміздің жұмысты ары қарай жалғастырайық, – дейді Айбек Смадияров. Осылай деген Смадияровқа журналистер «Қазақстанның ішкі мемлекеттік істеріне тұмсық сұққаны үшін Тина Канделаки еліміздің аумағына кіруге тыйым салынған адамдардың қатарына қосылуы мүмкін бе?» деген нақтылау сұрағын қойды. «Тізімді қайта-қайта сұрай бересіздер. 1,2,3 деген нақты ондай тізім жоқ. Ол әр мемлекеттің өзінің ішкі шарасы. Егер сізге біреу ұнамаса, үйіңізге кіргізбейсіз ғой. Біз де сол. Керек кезде шара қабылданады. Бүгін кіргізесіздер ме, ертең кіргізесіздер ме деп талап етпеңіздер. Мемлекет ондайды ешқашан кешірмейді. Ол Қазақстанға келе қоймас. Келген күннің өзінде кірмейді, – дейді Смадияров. Айта кетейік, өткен аптада «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы елдегі бірқатар теміржол станцияларының атын қазақшалаған болатын. Осыған «шамданған» Ресей тележурналисі Тина Канделаки «Қазақстан Үкіметі орыс тілінің қолдану аясын тарылдып, орыс тіліне қысым көрсетіп жатыр» деген пікірін жариялаған болатын.