Өтірікті танудың бірегей технологисы жасалуда
Өтірікті танудың бірегей технологисы жасалуда
Нархоз Университетінің ғалымдары жасанды интеллект негізіндегі заманауи технологияларды қолдана отырып, өтірікті анықтау бағытында ерекше зерттеулер жүргізуде. Өз әзірлемелерін жоба авторлары таяу арада көпшіліктің назарына ұсынып, таныстырамыз деп отыр.
Түйсік пен технология арасында...
Адамның түр-сипатына, іс-әрекетіне қарап, оның қаншалықты шын не өтірік айтып отырғанын анықтайтын әртүрлі тест, техникалық тетіктер туралы көптеген кітаптар, кинофильмдер баршаға кең танымал. Бірақ субъективті болжамға негізделген көркем шығарма өтірікті анықтаушы технологияның нақты дәлелі бола ала ма? Сарапшылардың айтуынша, салыстырмалы түрде алғанда, адамның өтірік айтып отырғанын анықтауға біршама жақын технология деп полиграфты айтуға болады, оның өзінде де алынған дерекке білікті маман, яғни полиграфолог тарапынан кәсіби түсінік берілер болса. Бірақ мұндай тестіден өтуге респондент өз еркімен келісім беруі керек әрі бұл шара байыпты дайындықты қажет етеді, нәтижені өңдеп, қорытындылауға да едәуір уақыт кетеді. «Ал егер осы сәтте, айталық, прокурор, тергеуші не көші-қон қызметкері өз алдында отырған кісінің өтірігін түйсігімен сезіп, біліп отырса ше? Бірақ қызмет бабына сай ол қандай да бір шешім шығарып, әрекет ете алмайды, өйткені оның түйсікке негізделу құқы жоқ», – дейді PhD докторы, профессор, цифрлық технологиялар мектебінің деканы Расим Сулиев. Сарапшының айтуынша, қазақстандық ғалымдар қолға алған жаңа жоба – өтірік айтып, алдаудың соңы есепсіз салдарларға әкеліп соғатын жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік бермек. Әлемдік деңгейде өткізіліп жатқан бірқатар зерттеулерге сүйенсек, полиграфиялық сенсорлар тіркей алатын адамның жүрек қағысы не терлеп-тепшуі сынды көрсеткіштермен қатар, өтірікті анықтаудың өзіндік бірқатар көрнекі белгілері де жоқ емес, мысалға, көз қимылы, дауыстың өзгеруі не терінің қызаруы сияқты. «Осы ерекшеліктерді есепке ала отырып, біз аудиовизуалды ақпарат материалындағы дауыс пен сөйлеу сипаттамаларының өзгеруіне негізделген жалған мәлімдемелерді анықтау алгоритмдерін әзірлеу жобасын қолға алдық. Бұл арада біз жасанды интеллект көмегіне жүгіндік. Біздің идеямыз ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар байқауына ұсынылып, ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің грантына ие болды. Біз ұсынып отырған дайын шешім, мысалға, сот отырысындағы бейнематериалдарды алгоритмдер негізінде өңдеуге мүмкіндік береді, айталық, талап қоюшының не жауап берушінің сөздері қаншалықты шындыққа жанасады дегенді белгілі бір ықтималдылық аясында дәлелдеп көрсету үшін», – дейді жоба жетекшісі, PhD докторы, профессор Қанат Қожахмет. Жобаны әзірлеуші зерттеу тобы мүшелерінің айтуынша, бұл тұрғыда қазірдің өзінде жекелеген бағыттар бойынша дайын шешімдер бар. Мысалға, жалған мәлімдеме жасаған адамның маңдай терісінің қызаруы тұрғысында зерттеулер жүргізіліп, өтірік айтқан адамның дауыс тембрі өзгеретіні анықталған. Сол сияқты, көз қимылы бойынша да бірқатар анықтаушы паттерндер бар. Мамандардың айтуынша, әрбір жеке ғылым саласындағы барлық тиімді шешімдерді біріктіріп, өтірікті анықтаудың өзіндік детекторын жасауға болады. «Біздің мақсатымыз – жасанды интеллект алгоритмдерін қолдана отырып, машинаға шындық пен жалғанды бір-бірінен ажыратуды үйрету», – деп түсіндіреді өз жобасын зерттеуші ғалымдар. Іс жүзінде мұндай іріктеудің екі түрлі жолы бар. Біріншісі – барлық мәліметті машинаға жүктеп, қандай да бір заңдылықтарды анықтап, белгілеуді машинаның өз еркіне беру. Әрине, алынған нәтижені тексеріп, бұл тұрғыдағы іріктеуді машина қалайша және қандай заңдылыққа сүйеніп жасағанын анықтау ғалымдардың міндетінде. Екінші жол – шындық пен жалғанды іріктеп, анықтайтын алгоритмді зерттеушілер өздері әзірлеп, жасанды интеллектінің жадына жүктейді де, оған алдын ала белгіленген деректерге сүйенуді ұсынады. Мысалға, өтіріктен құрылған 100 шақты мәліметті алып, оның ішінде дауыс тембрінің өзгеруін білдіретін бірыңғай паттернді белгілейді, ал жасанды интеллект мұндай жағдайларды барлық басқа мәлімет арасынан автоматты түрде өзі анықтап береді.