Жаңалықтар

Тоқаев жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған мектепте болды

Тоқаев жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған мектепте болды

Мемлекет басшысы Астана қаласындағы №96 мектеп-гимназияны аралап көрді, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Президентке білім ошағындағы оқу-тәрбие жұмыстарының барысы таныстырылды. Бұл мектеп жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынды. Биыл пайдалануға берілген гимназия елорданың сол жағалауындағы басқа мектептердің жүктемесін азайтуға септігін тигізді. Қазір мұнда 1466 оқушы білім алады.

Мектеп директоры Сәуле Теменованың айтуынша, мұнда инклюзивті білім беруге баса назар аударылған. Бұл ретте әр оқушыға жеке оқу бағдарламасы әзірленген. Сондай-ақ инклюзивті қолдау, емдік дене шынықтыру және бейіналды даярлау кабинеттері бар. Бүгінде мектеп-гимназияда арнаулы білім беруді қажет ететін 28 бала оқиды. Сонымен қатар мектепте цирк, қыш өнері, балет үйірмелері жұмыс істейді.