ТОҚАЕВТЫҢ БАҒДАРЛАМАСЫНДАҒЫ БАСЫМДЫҚТАР – ЭТНОСАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ, БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ
ТОҚАЕВТЫҢ БАҒДАРЛАМАСЫНДАҒЫ БАСЫМДЫҚТАР – ЭТНОСАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ, БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ
Президенттікке кандидат ҚасымЖомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері зиялы қауыммен, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен, педагогтерімен, студенттермен және Жамбыл облысының көпбалалы аналарымен бірқатар кездесу өткізді.
Мәселен, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен болған кездесуде Республикалық қоғамдық штабтың басшысы Ерлан Қошанов кандидат ҚасымЖомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру саясатының негізі этносаралық бірлік пен конфессияаралық келісім екенін атап өтті.
– Бүгінде кез келген қоғамның дамуының басты шарты келісім екенін көріп отырмыз. Адамдар бір-бірін тыңдаудан, түсінуден қалатын болса, бұл күрделі мәселелердің бастауына айналады. Мұның неге әкеліп соғатынын әртүрлі елдердегі жағдайлардан көріп отырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаев өзі ұстанған саясаттың басты басымдығы ұлтаралық келісім, бейбітшілік пен тұрақтылық екенін бірнеше рет мәлімдеді. Этникалық тегіне қарамастан, еліміздің әрбір азаматына Конституциямен тең мүмкіндікке кепілдік беріледі. Бұл – болашақта да бұлжымайтын қағида, – деді Ерлан Қошанов.
Бүгінде Қазақстанда 130 этнос тұрады. Жамбыл облысында 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. «Бірлігіміз әралуандықта» – кандидаттың тәуелсіздікті нығайтудағы негізгі қағидасы осы.
Бұдан соң Республикалық қоғамдық штаб мүшелері өңірдегі жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттер қауымымен кандидаттың сайлауалды бағдарламасының білім және ғылым саласындағы басымдықтарын талқылады.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен осы кездесуге 500- ге жуық адам қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтарды артық міндеттерден босату арқылы олардың әлеуметтік мәртебесін арттыруды жалғастырады. Ғылым елдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін жаңа өндіріс технологияларына бағытталады. Жетекші жоғару оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанынан мамандандырылған инжинирингтік орталықтар құрылады. Сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциялау, атап айтқанда, гранттар бөлу үшін жағдай жасалады.
Бұған қоса кандидаттың сайлауалды бағдарламасына сәйкес шәкіртақы мөлшерін ұлғайту және студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу жоспарлануда. Ардагерлермен және зиялы қауым өкілдерімен кездесуде Республикалық қоғамдық штаб мүшелері сайлауалды бағдарламада көрініс тапқан мәдениет пен өнерді қолдау шараларына баса назар аударды.
Осы күні өңірдің көпбалалы аналарымен кездесу өтіп, оның барысында кандидаттың әлеуметтік саладағы саясатының негізгі басымдықтары талқыланды.