Жаңалықтар

Тозығы жеткен су құбырлары

Тозығы жеткен су құбырлары

Жамбылда су құбырларының 71 пайызының тозығы жеткен. Бұл туралы  облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Жамбыл су» МКК қызметкерлерімен кездесуінде айтылды. Аймақ басшысы кәсіпорын басшысы Марат Смайыловтың есебін тыңдап, жауаптылардың жұмысын қатаң сынға алды. Кәсіпорын 101 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді, оған 649 шақырым су құбыры, 249 шақырым кәріз жүйесі және 97 ұңғыма қарайды. Теңгерімінде 75 автокөлігі бар. Жылдық айналымы 1,8 млрд. теңге. Солндай-ақ кәсіпорын Еуропалық Қайта құру және даму банкімен бірлесіп облыс орталығының сумен жабдықтау желілерін жаңғырту бойынша бір миллиард теңгенің ауқымды жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорында 609 адам жұмыс істейді десек, олардың орташа жалақы көрсеткіштері – 121,4 мың теңге. Басты мәселе - су құбырларының тозуы. Мұндағы құбырлардыі тозуы 71 пайыз, кәріз желілерінің тозуы 43 пайызды құрайды. Бердібек Сапарбаев кәсіпорынның жұмысына көңілі толмайтынын ашып айтты. Тұтынушылардың су шығынын, кәсіпорынның өз қаржысын есепке алу және бақылау жұмыстары оң жолға қойылмағанын тілге тиек етіп,  қаражаттың тиімді жұмсалуын егжей-тегжейлі зерделеу тапсырылды. Кездесуде  жалпыүйлік және жеке есептеу құралдарын орнату жайы да назарға алынды. Мұндай қондырғымен барлық үйлер мен пәтерлер түгелдей қамтылмаған десек, соның салдарынан жыл сайынғы судың шығын мөлшері 24 миллион текше метрге дейін жетуде. «Әкімшілік-басқарушылық аппаратта 50-дей қызметкер жұмыс жасайды, ал директордың төрт орынбасары бар. Бұл тым көп емес пе? Сонымен қатар, кәріз қалдықтарымен жұмыс істеуге тура келетін қарапайым жұмысшылардың жалақысы үш мың теңгеге ғана өскен... Сонымен қатар, әр пәтерде есептегіш құралдары болуы тиіс бүгінгідей кезде 70 контроллер ұстау аса көп емес пе? Оларға жұмсалған қаржыны тиімді пайдалана отырып, басқа бағытта қолданған дұрыс шығар. Мәселен, сол жалпыүйлік және жеке су есептегіштерін кеңінен орнатылуына бақылауды жүзеге асыру керек,- деді аймақ басшысы. Бердібек Сапарбаев кәсіпорындағы бақылау мен есеп жүргізу жұмыстарының әлсіздігін айта келе,  су құбырларын ауыстырудың орта мерзімді жоспарын жасауды, қараусыз құбыр иелерін анықтауды тапсырды. Қажет болған жағдайда, мәселе сот арқылы шешілетін болады.