Трамп ядролық қарусыз әлем идеясын қолдады

Дональд Трамп барлық елді ядролық қарудан бас тартуға шақырды
АҚШ президенті Дональд Трамп Франция басшысы Эммануэль Макронның Еуропадағы ядролық қорғанысқа қатысты мәлімдемесіне пікір білдіріп, барлық елді ядролық қарудан бас тартуға шақырды.
«Егер бүкіл әлем ядролық қарудан бас тартса, бұл керемет болар еді. Бізде және Ресейде оның айтарлықтай қоры бар, ал Қытай да жақын арада осы деңгейге жетуі мүмкін. Бұл қарудың қуаты адам ақылына сыймайтын деңгейде болуы мүмкін», – деді Трамп.
Ол өзінің алғашқы президенттік мерзімінде денуклеаризация бойынша бастамаларды жүзеге асыруға тырысқанын және Ресеймен келіссөздер барысында белгілі бір прогреске қол жеткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, Қытай басшысы Си Цзиньпинмен де бұл тақырыпта сөйлескенін мәлімдеді.
Алайда, оның айтуынша, 2020 жылғы сайлаудан кейін бұл мәселе тоқтап қалды. «Сондықтан біз бұл тақырыпқа қайта оралуға мәжбүрміз. Мен келіссөздерді жалғастыруға ниеттімін», – деді ол.
Айта кетейік, бүгінде ядролық қаруы бар елдер қатарына АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Солтүстік Корея және Израиль жатады.