Жаңалықтар

Туризмді дамыту: Тоқаев «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасын ұсынды

Туризмді дамыту: Тоқаев «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасын ұсынды

Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер Мемлекет басшыларының кеңесіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту мақсатында «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасын қолға алуды ұсынды, деп хабарлайды Жамбылинфо Ақордаға сілтеме жасап. «Елдеріміз бен халықтарымыздың арасын жақындатудың тағы бір тиімді тетігі – туризм. Дүниежүзі халқының 45 пайызын қамтитын ШЫҰ кеңістігі әлеуеті әлі толық пайдаланылмаған алып туристік нарық саналады. Мұны мойындау керек. Қазақстан бұл бағыт бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр. Былтырдан бастап елімізде Үндістан, Иран және Қытай азаматтары үшін визасыз режим енгізілді. Бұл шара мемлекеттеріміз арасындағы туризмді дамытуға ықпал етеді. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңінде Алматы қаласын Шанхай ынтымақтастық ұйымының туристік және мәдени астанасы деп жариялауды ұсынамын. ШЫҰ-ның кең байтақ кеңістігі – Еуразиялық өркениеттің алтын бесігі. Ал мәдениеттердің біртұтастығын айшықтайтын бірегей «Шанхай рухы» – оның баға жетпес құндылығы. Ортақ идеалдарымыз бен құндылықтарымызды әлемге дәйекті түрде дәріптеу маңызды. Қазақ жері – ежелден өркениеттер тоғысқан, дәстүрлер мен мәдениеттер біте қайнасқан мекен. Ал бүгінде Қазақстан бәрімізге ортақ, бай рухани мұраны сақтау және оны насихаттау ісіне барынша атсалысуға дайын. Осыған орай «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасын қолға алуды ұсынамыз. Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстандағы әлемдік маңызы бар осындай киелі орын саналады. ШЫҰ-ның «Алтын Орда және оның мұрасы» атты конференциясы аясында осы ортағасырлық сәулет өнерінің ұлы ескерткішінің таныстырылымын қасиетті Түркістан шаһарында өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай ауқымды шара елдеріміз арасында анағұрлым тығыз гуманитарлық байланыстар орнатуға ықпал ететініне сенімдімін», - деді Президент.