дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 23:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тыңғылықты бақылау - жетістікке апарар жол

Тыңғылықты бақылау - жетістікке апарар жол
ашық дереккөз
Кеше облысқа жұмыс сапарымен «Respublica» партиясының атынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау келді.

Халық қалаулысы «Respublica» партиясы облыстық филиалының төрағасы Нұрсұлтан Оспанов, облыстық мәслихат депутаты Данияр Серікпен бірге Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновациялық университетінің және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің №1 жатақханасымен танысты. Мұнан соң депутат М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мәжіліс залында  «Вейп ел жастарының ермегіне айналмауы тиіс» тақырыбында жастармен кездесті. Жиынға «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының  ардагерлері де қатысты.

– Заңды іске асыру Үкіметтен бұрын сіздер мен біздердің міндетіміз болуы керек. Мысалы, біз вейпке қатысты қандай міндеттер атқара аламыз? Егер біз соны сатып, жарнамалап жатқандарды көрсек, үндемей кетпеуіміз керек.  Халық болып бақылауға алсақ, вейп жойылады. Вейп тартуды қазіргі жастарымыз сән көреді. Ол зат бізге көрші елдерден келеді. Егер ол мемлекет біздің жастардың денсаулығы күшті, күш-қуаты мықты, ұрпағымыздың көп болғанын ойлап жіберіп жатса, қуана-қуана қолдар едім.

Мен осы вейп деген заттың 15 шақты түрін зертханаға беріп, тексерттім. Сонда оның ішіндегі құрамын көріп шошыдым. Мұны тартып жүрген ұлдарымыз бен қыздарымыздың денсаулығын ойлағанда жүрегім ауырды. Оның ішінде не жоқ дейсіз, адамға зиянды нәрсенің бәрі бар.

Ол біздің ауыз қуысы, өңеш обырынан бөлек, гармондарымызды да жояды екен. Ұлдар белсіз, қыздарымыз бедеу болуы мүмкін. Оны бірақ ешкім айтып, түсіндіріп жатқан жоқ. Вейп – мұнайдың қалдығынан жасалатын химиялық қоспа. Жоғарыда айтқанымдай, егер вейпті сатып, таратып, жарнамалап жатқандарды көрсеңіздер фотоға түсіріп алып, менің әлеуметтік желідегі парақшама жіберсеңіздер болады, – деді Нұргүл Тау. 


Басқосуда «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының ардагерлері жастар тәрбиесіне қатысты ұсыныстарын жолдады. Ал  жастар өз сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Сонымен бірге көктемде елімізде орын алған су тасқыны кезінде «Respublica» партиясының мүшесі ретінде қоғамдық ортақ іске атсалысып, қиындықта қалған азаматтарға қолдау көрсеткені үшін бірқатар азамат партия төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың атынан алғыс хатпен марапатталды.Жұмыс сапары аясында Нұргүл Тау «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің, «Шөлдала» тұрғын алқабында орналасқан «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарымен танысты.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар