Жаңалықтар

ТЖД жамбылдықтарды жылыту маусымы кезеңінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды

Тараз қаласында өрт сөндіру қызметі, «QasaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының мамандары және еріктілер қатысумен рейд өтті

Биыл облыста және Тараз қаласында жылыту маусымы 15 қазанда басталғаны белгілі. Өңірде жылыту мауысымы басталғанына небәрі екі күн болса да улану фактісі тіркеліп үлгерген, хабарлайды Jambylinfo.kz

Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «ГРЭС» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде, атап айтқанда, «Шөлдала» тұрғын алқабында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, жылыту маусымында қатты отынмен немесе табиғи газбен жұмыс істейтін қазандықтардың мұржаларын уақытында тазарту қажеттілігі туралы алдын алу жұмыстарын жүргізді. Рейдке өрт сөндіру қызметі, «QasaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының мамандары және еріктілер қатысты.

Маңызы зор іс-шара №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бастау алды. Рейдке шықпастан бұрын сапқа тұрған құтқарушыларға Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Әміров тапсырма берді.

 

Мұнан соң өрт сөндіру қызметкерлері мен рейдке қатысушылар межелі жерге аттанды. Келген бетте белсенді қызметкерлер бірнеше топқа бөлініп, қауіпсіздік ережесі жазылған қағазды қолдарына ұстап, көше-көшені аралауға кірісті. Біз келген аумақ «Шөлдала» тұрғын алқабының Арна көшесі. Мұнда барлығы шамамен 50 шақты түтін бар екен. Өрт сөндіру қызметкерлері мен газ  саласының мамандары әр шаңыраққа кіріп, газдың қандай жағдайда тұрғанын бақылап, үй иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Керек болған кезде қауіпті жағдайда тұрған мұржалар мен газ құбырларын қалпына келтіруді де ескертті.

Өз кезегінде ерікті жастар да рейд шараларына белсене қатысып, тұрғындармен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Волонтер Аида Шәріптің айтуынша, белсенді жастар бұған дейін де жатақхана, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандарға қауіпсіздік ережелерін сақтауға қатысты үгіт-насихат жасаған екен.