сенбі, 5 қазан, 2024 8:21

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Әулиеата жастары» қанатқақты жобасы жүзеге аса бастады

«Әулиеата жастары» қанатқақты жобасы жүзеге аса бастады
ашық дереккөзі
«Әулиеата жастары» қанатқақты жобасы жүзеге аса бастады
  Мемлекет тарапынан баспаналы болудың түрлі жеңілдетілген бағдарламалары бар. Әр отбасы өз мүмкіндіктеріне қарай солардың бірін таңдап, қоныс тойын тойлап жатады. Жастар үшін де үйлі болу бақыттың бір бөлшегі. Үлкен қалада пәтер жалдап тұрып, жеке үйге ақша жинау үлкен мәселе. Бұл тұрғыда биыл жамбылдық жас мамандар «бөркін аспанға атқан» қуанышты жыл болды. Өңірде тұңғыш рет тек жастарға арналған «Әулие-ата жастары» жобасы жүзеге асырыла бастады. Атап айтқанда, Жамбыл облысының әкімдігі мен Отбасы банкі «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Оған Жамбыл облысының жасы 35-тен аспайтын тұрғындары қатыса алады. Тарқатып айтар болсақ, мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы облыстық мәслихаттың шешімімен (2020 жылғы 15 қазандағы) қабылданып, іс-шаралар жоспары бекітілген. Іс-шара жоспары 11 бөлім, 94 тармақтан тұрады. Кешенді жоспарды іске асыруға 5 жылға 1,3 млрд теңге қарастырылған. Облыстық жастар басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, өткен жылы бағдарламаның тиімді іске асырылуын бақылау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізілген. 94 тармақтың 80-ы орындалса, қалғаны ұзақ мерзімге жоспарланған. Зерделеу нәтижесінде Тараз қаласы мен бірқатар аудандарда бірнеше кемшіліктер анықталған. Мәселен, аталған әкімдіктердегі салалық бөлімдер тапсырманың мерзімінде орындалуына баса назар аудармаған және салғырттық танытып, тіпті таныспаған да. Сондықтан анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ұсынымдар беріліп, нәтижесінде олқылықтар орнына келтірілген. Бағдарлама өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жас отбасыларға қолдау мақсатында дайындалғандығын атап өткен жөн. - Бағдарламаны әзірлеу барысында облыстың ерекшеліктері ескеріле отырып, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізге алынды. Бұған дейін облыста жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мұндай арнайы бағдарлама болмаған, - дейді жастар басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа. Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов осы мәселе бойынша өткен кеңестердің бірінде бағдарламаның кей тетіктерін заңдық тұрғыда қайта қараудың маңыздылығын айтып, ақпараттық насихаттау жұмыстарын белсенді жүргізіп, барлық ауданның жастары қамтылсын деген тапсырма берген болатын. Осылай әбден електен өтіп, жан-жақты сараланған бағдарлама бойынша тіркеу жұмыстары 20 шілде күні басталды. Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысу туралы өтінімдерді қабылдау www.e-jambyl.kz порталында 30 шілдеге дейін жалғасады. Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың тізімі жасалып, «Отбасы банкіне» жіберіледі. Банкте үміткер төлем қабілеттілігін тексеріп, нарықтан пəтер табуы қажет. Баспананы алғашқы немесе екінші нарықтан жəне «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігімен салынып жатқан нысандардан сатып алуға болады. «Отбасы банк» Жамбыл облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарованың айтуынша, тұрғын үй сатып алуға «Отбасы банкі» 13 миллион теңгеге дейін заем береді. Егер мүліктің құны одан асса, сатып алушы айырмашылықты өз қаражатынан төлеуіне болады. Бастапқы жарна - 5, сыйақы мөлшері - 5 пайыз. Несиені 19 жылға дейін төлеуге мүмкіндік бар. Жалпы, Жамбыл облысында 35 жасқа дейінгі 7140 тұрғын баспана кезегінде тұр. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша 318 жас азамат жеке пəтер алуға мүмкіндік алды. Биылдан бастап «Әулиеата жастары» тиімді шарттармен тұрғын үй алудың тағы бір қосымша құралы болмақ. Жаңа бағдарлама бойынша баспаналы болуға жеңілдетілген шарттармен заем алуға көрсетілген жас мөлшеріне дейінгі жастар санатындағы білім, денсаулық, спорт жəне мəдениет саласының мамандары, журналистер мен университет оқытушылары, ғылыми қызметкерлердің де мүмкіндігі бар. Қатысушылардың жұмыс өтілі 12 айдан кем болмауы қажет. Табысы да ескеріледі. Бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Облыс əкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев: «Бұл қанатқақты жоба. Егер жаңа бағдарлама сəтті жүзеге асса, келесі жылы облыс əкімдігі осы бағытта 1 миллиард теңге қаржы бөлуді көздеп отыр. Осынша көлемдегі қаржыны бөлуге «Отбасы банкінің» де мүмкіндігі бар. Бұл келесі жылы 200 жас отбасын қамтуға мүмкіндік бар деген сөз. Оның ішіне жастар саясатында жүрген мамандар да қатыса алады», - дейді. Бүгінде аталған бағдарлама бойынша баспаналы болуға ниет білдіргендердің саны 150-ге жуықтады. Тиісті салалар бойынша еңбек етіп жүрген барлық аудандағы жастар өтініш білдірген. Тараз мемлекеттік университетінің жас оқытушысы Ғазиз Серікұлы да алғашқылардың бірі болып тіркелген. «Жастарға ерекше көңіл бөлініп, облысымызда осындай жобалардың жүзеге асып жатқанына қуаныштымын. Барлық талаптардан өтіп баспаналы боламын деген үмітім бар. Соның өзі маған ерекше қуаныш сыйлайды. Баспаналы болғаннан кейін үйленіп, бөлек отау тігу жоспарымда бар», - дейді жас маман. Әрине, бұл өтінім білдірген әрбір жастың көкейіндегі баспаналы болсам екен деген үміт оты екендігі сөзсіз. Биыл облыс әкімдігінен бөлінген 500 миллион теңге мен Отбасы банктің жеңілдетілген шарттары негізінде 50 жас ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша қоныс тойын тойлайды. Ал қанатқақты жоба алғашқы жылдан бастап сәтті жүзеге асса олардың қатары жыл сайын көбейе бермек.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар